Түрксіб ауданында медициналық мекемелерге түсетін жүктеме ұлғайған

Түрксіб ауданында медициналық мекемелерге түсетін жүктеме ұлғайған
Сурет: Healthpoint.ae

Мәселені шешу мақсатында дәрігерлік амбулатория санын арттыру көзделіп отыр.

Алматының Түрксіб ауданында бірқатар жаңа дәрігерлік амбулатория  мен емханалар бой көтереді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен өткен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы әкімінің айтуынша, аудандағы 13 денсаулық сақтау мекемесіне 252,5 мың адам тіркелген. Халық санының өсімін ескере отырып, «Нұршашқан», «Әлмерек» шағынаудандарындағы медициналық мекемелерге түсетін жүктеме 2 есе және «Жас Қанат», «Қайрат» шағынаудандарында 1,5 есе ұлғайған.

«Биылғы жылы Айбасов көшесіндегі 200 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жобалау құжаттамасы әзірленді. 2022 жылдың 3-ші тоқсанында «Нұршашқан» шағынауданында 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ, «Әлмерек»  шағын ауданында және РВ-90-да әрқайсысы 200 келушіден тұратын 2 амбулаторияның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Сонымен қатар, «Қайрат» шағын ауданында 340 адам қабылдайтын емхананың құрылысына жобалау құжаттамасы әзірленуде»,- деді қала әкімі.

Ерболат Досаевтың атуынша, №20 қалалық емхананың дәрігерлік амбулаториясын тұрақты орналастыру үшін 13 әскери қалашықта жалға берілетін ғимарат сатып алынады.