Түркияның балалар хирургтары қазақстандық әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді

Түркияның балалар хирургтары қазақстандық әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді
Сурет: Qazaqtv.com

Түркияның балалар хирургтары қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруларды емдеу жолдары мен тың тәсілдерін көрсетіп, тәжірибе алмасуда.

Шеберлік сабақтары елордадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында өтуде. Шара барысында небәрі 3 күнде бірнеше науқасқа ота жасау  жоспарланған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Балалар шетелде емделуге мәжбүр болатын, бірақ аталмыш шеберлік сабағының арқасында оларға туған жерінде тегін ота жасалмақ.

"Қазақстанда нейрохирургияны дамытуда осындай тәжірибе алмасулар өте маңызды. Мұндай шеберлік сыныптарының барысында біз өз білгенімізді үйретсек, қазақстандық мамандар өз емдеу жолдарын бізге көрсетеді. Кейін жаңа әдістерді де ойлап табуға болады. Мәселен, Түркияда сирек, бірақ Қазақстанда көп кездесетін диагноздармен кең танысып, оны емдеу жолдарын үйрендім", - дейді  Түркияның Аджибадем клиникасының балалар хирургы Бурак Тандер. 

Мұндай бірегей ынтымақтастық екі ел арасындағы меморандумның арқасында жүзеге асып отыр. Айта кетейік, енді мұндай шеберлік сабақтары №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында тұрақты түрде өтіп тұрады. Оқу-жаттығу кезінде орындалатын операциялар жыл соңына дейін жоспарланған. Осылайша тағы ондаған балаға дені сау өмір сүруге мүмкіндік жасалады.