Түркияның 10 провинциясында үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді

Түркияның 10 провинциясында үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді
Сурет: Ашық дереккөз

Үйінділер астынан сегіз мыңнан астам адам құтқарылған

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын зілзаладан зардап шеккен 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізгенін жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия басшысы, соңғы мәлімет бойынша, 3 549 адамның жер сілкінісінің құрбаны болғанын, 22 168 адамның жарақат алғанын айтты. Үйінділер астынан сегіз мыңнан астам адам құтқарылған.

«Біз Түркия тарихындағы ғана емес, тұтас аймақ пен әлемдегі ең үлкен апаттардың біріне тап болдық. Апат аймағында жұмыс істеу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар, қызметкерлер мен техникалар жұмылдырылды. Бірінші кезеңде апат аймағының тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге 100 млрд лира бөлінді», - деді Р. Ердоған.

Зілзала аймағына 54 мың шатыр, 102 мың кереует, бастапқы қажетті заттар, 1000-ға жуық жедел жәрдем вагондары, екі санитарлық ұшақ жіберілді. Он провинцияның тұрғындарына 5 мың медициналық қызметкер көмектесіп жатыр.

Ердоғанның айтуынша, апат аймағында 53 317 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың саны Түркия мен басқа елдердің командаларының арқасында күн санап артып келеді. Сондай-ақ, Түркия Президенті алапат жер сілкінісінің салдарын жоюда ынтымақтастыққа шақырды.

«Біз жалған ақпарат пен фейк арқылы қоғамға алауыздық тарату әрекеттерін көріп отырмыз. Барлығы үшін уақыты келгенде жауап аламыз», - деді Р. Ердоған.

Сонымен бірге, Президент Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдай салдарын болдырмау және жою басқармасының (AFAD) банктік шоттарына түрік лиралары мен шетел валютасындағы қаражат аударылғаны үшін комиссия алынып тасталғанын айтты.