Мемлекет басшысы барлық құтқарушылар марапатына жекелей қол қойып шықты

Мемлекет басшысы барлық құтқарушылар марапатына жекелей қол қойып шықты Сурет: Zakon.kz

Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан құтқарушылар марапатталды


6 наурызда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан Астана, Ақмола және Қарағанды облыстарының құтқарушыларына, ЦӘК қызметкерлеріне марапаттарды салтанатты түрде тапсырып, Президенттің алғысын жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.


Түркиядағы жойқын жер сілкінісін жою кезеңінде қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және көрсеткен ерлігі үшін барлығы 59 қызметкер марапатталды, оның ішінде 8 қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болды, 51 қызметкер Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және ведомстволық наградалармен марапатталды.


Министр Республика Президентінің атынан және өз атынан адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген төтенше жағдайларда көрсеткен батылдығы мен жоғары кәсібилігі үшін ұйқыларын аямай батылдық танытып, ержүректікпен еңбек еткен барлық марапатталғандарға алғыс айтты.



"Марапаттар көп болып, көп рет қолтаңба қою қажет болғанда, факсимиль (қолтаңбаның көшірмесі) пайдаланылады. Бірақ бұл арада Мемлекет басшысы өз міндетін адал атқарған қызметкерлерге құрмет көрсетіп, Түркиядағы жер сілкіністерінің салдарын жоюға қатысқан барлық құтқарушылар марапатына жекелей қол қойып шықты. Бұл да - сіздер атқарған жұмысқа деген құрмет, ерекше ілтипат. Менің ойымша, біз істеп жатқан жұмыс адамдарға қажет әрі пайдалы", - деді Юрий Ильин.



Сондай-ақ ол құтқарушыларға алда су тасқыны қаупі бар екенін және оны өрт қаупі артқан кезеңдегідей, шомылу маусымындағыдай аса аз шығындар мен тәуекелдер арқылы атқару керектігін еске салуға асықты.


"Бізде бейбіт уақытта ерлік жасауға көптеген мүмкіндік бар. Ең бастысы, әрқайсыңыз әрқашан үйге аман-есен оралуларыңызды тілеймін", - деді Юрий Ильин.


Қарағанды қаласының бас құтқарушысы Нұрғали Жақиев басқа қазақстандық құтқарушылармен бірге Түркияның Нурдагы қаласында жұмыс істегендерін айтты. Олар опырылып түскен алты қабатты үйдің үйіндісін аршып, тазалаған. 



"Ең қиыны үйінділерді аршу болды. Бұл - монолитті үй, барлық жерде арматура, тұрмыстық заттар бар, біз оларды тазалап, әрдайым үмітте болдық. Тірілер болса деп, әрине. Біз үш адамды үйінді астынан тірідей алып шықтық. Анасы, қызы және ер адам", - дейді Нұрғали Жақиев.



Ақмола облысы бойынша ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ғани Құсайынов басқа құтқарушылармен бірге Газиантеп қаласындағы жеті қабатты үйдің орнындағы үйіндіні аршып, тазалаған. 



"Бұл операциядағы ең қиыны - адамды өлі күйінде алып шыққанда оның туыстарының көзіне қарау. Бұл - ең қиын жағдай, ал біздің жұмысымызға келетін болсақ, біз психикалық және физикалық тұрғыдан қиын жағдайда жұмыс істеуге дайын болдық. Алдымызға тапсырма қойып, жұмыс объектісін белгіледі, одан кейін біз өз жұмысымызға кірістік, эмоцияға берілетіндей күйде болмадық, өйткені уақыт тығыз, әр секунд санаулы. Өкінішке қарай, біз ешкімді тірідей таппадық. 25 адамның денесін үйінді астынан алып шықтық", - деді Ғани Құсайынов.



Өткен аптада министр Түркиядағы жер сілкінісін жойған Алматы қаласындағы ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларын марапаттады. Оларға мемлекеттік наградалар, ҚР Президентінің Алғыс хаттары, сондай-ақ ведомстволық наградалар - медальдар мен төсбелгілер табыс етілді.



Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.


Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күшімен 7 адам құтқарылды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.


Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де тәулік бойы зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетті. Барлық жұмыс кезеңінде 200-ден астам жергілікті тұрғындар мен құтқарушыларға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді. Жергілікті тұрғындарда стресске жедел реакциямен, гипотермиямен, тыныс алу органдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым болды. Пневмокаркас модуліне негізделген медициналық пост іздеу нәтижелерін күткен зардап шеккендердің туыстары үшін баспана болды. Бұл модуль қираған ғимараттардың арасында қалған адамдар үшін жылыту пункті ретінде де пайдаланылды.


Біздің кинологиялық есептоптарымыз іздеу-құтқару жұмыстарында да тамаша нәтижелер көрсетті және үйінділер астындағы адамдарды іздеу кезінде өздерінің жоғары біліктілігін растады. Құтқарушы иттер - бельгиялық малинуа Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель, Лабрадор Чарли Кинг, неміс төбеті Мирта, Гринпис, Бордер Колли нұсқаушылармен және құтқарушылар отрядтарымен бірге әр адамның өмірі үшін бірнеше күн бойы қираған нысандарда жұмыс істеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет