Түркиядағы саяси дода: президенттікке 3 үміткер қалды

Түркиядағы саяси дода: президенттікке 3 үміткер қалды
Сурет: Ашық дереккөз

Түркиядағы президент сайлауына 3 күн қалды

«Мемлекет» партиясының төрағасы, негізгі кандидаттардың бірі Мухаррем Инже үміткерліктен бас тартты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

Ол мұнысын өзіне қарсы жасалған арандатушылықтармен байланыстырады. Мухаррем Инже сонымен қатар Режеп Тайып Ердоғанды емес, оның басты бәсекелесі – Республикалық халық партиясының басшысы Кемал Кылычдароғлуды қолдайтынын айтып қалды. Түркияда саяси дода күн сайын қыза түсуде. Сағат санап президенттікке үміткерлер мен парламентте депутат санын көбейткісі келетін партиялар бір- бірінен асып-түсетін уәделерді үйіп төгуде. Мемлекет партиясының төрағасы Мухаррем Инже бүгін күтпеген мәлімдеме жасап, үміткер болудан бас тартты. Ол өз шешімін оған жасалған арандатушылықпен байланыстырды.

«Мен саясатта жүргеніме 40 жылдан асты, бірақ осы жылдар ішінде соңғы 45 күнде болған дүниелер мені шошытты. Жалған чектер, жалған бейнелер. Менің суретім израильдік ересектер сайттарында жарияланды. Полиция да, прокуратура да тексеріп жатқан жоқ. Бұл жаладан Түрік мемлекеті менің абыройымды қорғай алмай отыр», - дейді «Мемлекет» партиясының төрағасы Мухаррем Инже.

Осылайша, президенттікке 3 үміткер – қазіргі мемлекет басшысы, Әділет және даму партиясының жетекшісі Режеп Тайып Ердоған, оның басты қарсыласы Кылычдароғлу және АТА альянсынан үміткер Синан Оган қалды. Ал алдын ала жасалған сауалнамаларға сәйкес, 2 негізгі кандидат бар. Олар – қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған мен оппозициялық «Халық альянсы» партияларының бірыңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлу. Елдің қазіргі Президенті Режеп Тайып Ердоған сайлау алдында Қара теңіз табиғи газын құрлыққа шығарып, бір жыл бойы тұрғындардың тұрмыста қолданатын көгілдір отынның ақысыз болатынын жариялады. Қосымша Габарда тағы да табиғи газ кенішінің табылғанын айтты. Отандық көлік пен теңіз және әуе қорғаныс өнімдерімен таныстырды. Ал 11 мамыр күні ең төменгі мемлекеттік қызметкердің жалақысы шілде айынан бастап 22 мың лира болатынын мәлімдеді. Бұл – біздің ақшаға шаққанда 500 мың теңге.

«Біз зейнеткерден бастап мемлекеттік қызметшілерге, мүгедектерден шейіттердің туыстары мен ардагерлерге дейін қоғамымыздың барлық топтарын қолдадық. Экономикамыз өскен сайын жасалған қосымша құннан бүкіл халқымыздың лайықты үлесін алуын қамтамасыз еттік. Еліміз басынан өткерген ауыр қиыншылықтарға, табиғи апаттарға, жаһандық экономикалық дағдарыстарға және өңіріміздегі қақтығыстарға қарамастан, біз бұл сезімталдықты сақтап қалдық»,  - дейді Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған.