Түркияда XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды

Түркияда XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды
Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан тарапынан шахмат, сноуборд және шаңғы жарысына 26 спортшы қатысады.

2-ші наурызда Түркияның Эрзурум қаласында XX-шы қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.

«Биыл Қазақстан Республикасы қысқы Сурдлимпиада ойындарына осымен үшінші мәрте қатысқалы отыр. Спортшыларымыз жарыстың алдында Щучинск және Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, қысқы ойындарға тыңғылықты дайындықпен келді. Ұлттық құрама үшін алғашқы сайыс ертен блиц шахматтан және шаңғы жарысынан басталады. Спортшыларымыз аталмыш додада лайықты өнер көрсетіп, ел қоржынын Сурдлимпиада ойындарының медалімен толықтырады деп сенемін»,- деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының орынбасары Өмірзақов Әділхан Болатханұлы.

Ашылу салтанаты 2024 жылғы қысқы Сурдлимпиада ойындары ресми түрде басталғанын білдіреді. Салтанатты шарада еліміздің туын шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметов ұстап шықты.

«Бұл менің алғашқы Сурдлимпиада ойындарым. Осындай үлкен жарыста еліміздің туын ұстап шығу мен үшін мәртебе. Сенім артқан Спорт комитетіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына, Ұлттық Сурдлимпиада комитетіне және барлық қазақстандықтарға алғысымды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамын», - деді Сұлтан Қожахметов.

Айта кетсек, Сурдлимпиада ойындарына есту қабілеті зақымданған спортшылар қатысады. Жарыс алдында спортшылар аудиограммадан өтіп, қойылған талаптарға сай келетіндігін дәлелдеу қажет. Қысқы ойындар 12 наурызға дейін созылады.