Түркияда президентті ұлықтау рәсімі өтеді

Түркияда президентті ұлықтау рәсімі өтеді
Фото: Twitter
Анадолу агенттігінің хабарлауынша, Президент Ердоғанның "Ұлықтау рәсіміне" 21 елдің мемлекет басшысы мен 13 елдің үкімет басшысы және министрлер, сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы, НАТО және Ислам Ынтымақтастық Ұйымы сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Президенттік сайлауда 28 миллионға жақын дауыспен жеңіске жеткен Режеп Тайып Ердоған бүгін сағат 14.00-де Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде ант беріп, қызметіне кіріседі. Мемлекет басшысы мандатын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің уақытша төрағасы Девлет Бахчелиден алады.

Салтанатты шараға Әзірбайжан, Өзбекстан, Венесуэла, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Болгария, Габон, Гвинея Бисау, Оңтүстік Африка Республикасы, Черногория, Конго, Косово, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Солтүстік Македония, Руанда, Сенегал, Сомали, Того, Түркіменстан, Бангладеш, Гвинея сынды 21 елдің президенттері қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар Ұлықтау рәсіміне Пәкістан, Венгрия, Армения, Ливия және тағы басқа 13 елдің премьер-министрі қатысады.

Бұдан бөлек 8 халықаралық ұйым өкілдері, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг, Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Хусейн Ибрахим Таха да бар.

Ал кешкі сағат 19.00-де Ердоған Чанкая сарайында шетелдік қонақтардың құрметіне ас береді. Содан кейін жаңа кабинет мүшелерін жариялайды деп күтілуде.