Түркістан облысында автожолдар жабылды

Түркістан облысында автожолдар жабылды
Cурет: Baq.kz

Боран, бұрқасын, көктайғақ, жолды көру мүмкін емес

Қалың қар мен қатты бораннан Түркістан облысында жекелеген жолдар жабылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 10.00-ден бастап Созақ пен Сауран ауданында ауа райының нашарлауына байланысты (бұрқасын, боран, қар, жолдың нашар көрінуі) облыстық маңызы бар КХ-56 автожолының 40-124 км учаскесіндегі «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-КХ-190» бөлігі көлік қозғалысы үшін жабылған.

«Сондай-ақ ауа райының нашарлауынан (боран, бұрқасын, көктайғақ, жолды көру мүмкіндігінің мүлдем болмауы) Созақ пен Бәйдібек ауданында облыстық маңызы бар КХ-2 автожолының 577-642 км учаскесіндегі «Ұланбел- Созақ-Екпінді», «Шолаққорған-Шаян» бөлігі көліктің барлық түрі үшін жабылды, - делінген Төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада. 

Ауа райы тосын мінез танытқан тұста азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция бөлімінің қызметкерлері аудан жолдарына шығып, тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақыруда.