Тұрғын үй кезегіне енді тек онлайн түрде тұрасыз

Тұрғын үй кезегіне енді тек онлайн түрде тұрасыз
Сурет: Inform.kz

Бұл рәсім тек egov.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.

Бұдан былай тұрғын үй кезегіне қою туралы өтінімді «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғам (Халыққа қызмет көрсету орталықтары) қабылдамайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Еgov.kz порталы арқылы кезекке тұру үшін бар болғаны электронды цифрлық қолтаңба керек. ЭЦҚ арқылы кірген адамның кірістері, адрестік тіркеуі, қандай санатқа жататыны туралы мәліметтің бәрі өздігінен шығып тұрады. Мұнда да баспана кезегіне тұрушының өзі өтініш беріп отырған қалада кем дегенде үш жыл тұрақты тіркеуі болуы шарт. Өтініш берген адамның және оның отбасы мүшелерінің кезекке тұрған сәтте және соңғы 5 жылда ҚР бойынша меншік құқығында тұрғын үй мүлкі болмауы тиіс.

Тұрғын үй кезегіне мына адамдары тұра алады:

* Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысушылары;

* жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

* халықтың әлеуметтік осал топтары;

* көп балалы отбасылар;

* мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;

* жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына кімдер жатады?

* Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

* мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

* кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар:

* жасына байланысты зейнеткерлер;

* жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

* көп балалы отбасылар;

* толық емес отбасылар;

* I және II топтағы мүгедектер;

* қандастар;

* экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

* Мемлекеттік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары.

Тұрғын үйге кезекке тұру үшін құжаттарды да egov.kz порталы арқылы электронды түрде ЭЦҚ көмегімен жүктеп өткізеді.