«Тұран» тобы турнеге шықты

«Тұран» тобы турнеге шықты
Сурет: 24.kz

Қазақстандық «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің әлемдік турнесі басталды.

Вашингтонда концерт берген «Тұран» АҚШ-тағы қазақтарды рухтандырып, америкалық көрерменді тамсандырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке cілтеме жасап. 

Ұлттық өнерді  ұлықтап жүрген топтың құрылғанына биыл он бес жыл толды. Өрлеу мен құлдырау, азаттық үшін күрес, ерлік пен елдік. Бұл сақтар мен ғұндар заманынан тартып алаш тарихын сазды аспаптар арқылы сөйлеткен өзгеше кеш болды. Көрермен бірде рухтанып, шабыттанса, бірде зұлмат жылдарға тап болып, көзіне еркісіз жас алды. 

«Мен таңдана тыңдадым. Тарих анимациялар арқылы сөйлеп жатты. Сөзді түсінбесем де әуен арқылы әрбір сәтті сіңірдім. Мен украина қызымын. Сондықтан қазақ халқының басынан өткен зұлматтарды, оның ішінде ашаршылыққа қатысты оқиғалар көзіме еріксіз жас келтірді», - дейді көрермен Анна Констенко. 

Ал Қара жорғаның майда жүрісін елестететін әуен ырғағы шет елдіктерді тамсандырды. Тіпті көрермен ықыласы айрықша болғаны сондай, бірнеше рет орындарын тұрып ұзақ қол соқты.  Тұран ұлттық және түркі тілдес жұрттың отызға жуық аспабын жетік меңгерген. Нағыз бесаспаб деп топ мүшелеріне айтуға болады. Әсіресе көмеймен ән айту Вашингтон көрермендеріне ерекше әсер сыйлады.