Түлкібаста жоғалған қыз Алматыдан табылды

Түлкібаста жоғалған қыз Алматыдан табылды
Сурет: Polisia.kz

Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері жоғалған жасөспірім қызды Алматыдан тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Әйелдің айтуынша, екі күн бұрын түнгі уақытта 15 жастағы қызы үйінен ешкімге ескертпестен шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған.

Жақындары өздері іздегенімен, еш нәтиже шықпаған. Ақпарат алысымен, полицейлер аталған жайтты тіркеп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Түлкібас аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Есенбеков жасөспірім қыздың туыстарымен бірге іздеу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Жасөспірімнің баруы, хабарласуы мүмкін дос-жақындарынан жауап алынды. Қоғамдық көлік пен такси жүргізушілерінен сұрастырылды.

Соның нәтижесінде, 15 жастағы қыздың түнгі уақытта таксимен Шымкент қаласына жетіп, одан кейін Алматы қаласына кеткені белгілі болды. Яғни, полицейлер бірнеше сағат ішінде жоғалған қыздың жүрген жерін анықтады. Ол Алматы қаласындағы туған әпкесінің үйіне барған. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары табылған қызды үйіне жеткізумен айналысуда.