Түбегейлі өзгерістер кезеңі келді

Түбегейлі өзгерістер кезеңі келді
almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі идеясы – еліміздің қазіргі сын-қатерлерге толы кезеңдегі қиындықтарын еңсеріп, қоғамымыздағы өзекті мәселелерге қатысты түбегейлі, кешенді жаңғырудың жолдарын анықтау.

Қаңтар оқиғасының сабағы халқымыздың жадында естен кетпейтін із қалдырғаны белгілі, енді оның салдарларымен ғана емес, сонымен қатар тарихи деректің тереңде жатқан себептерін айқындауымыз қажет екені айтылды.

«Халық үнін еститін мемлекет» тұжырымдамасы әрі қарай қоғамды пәрменді демократияландыру үдерістері арқылы айшықтала, дами түсетіні байыпталды. Елімізде тұрақты түрде жұмыс атқаратын Ұлттық Құрылтайды құру идеясы да Жолдаудың жаңашылдық қыры болып келеді. Азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыруға және оны өркениетті сипатта өрбітуге сайлауды әділ жолмен өткізу үлкен ықпалын тигізеді.

Жалпы, сайлау мәселесіндегі кемшіліктер Президент тарапынан ашық айтылып, біршама сыни тұжырымдар келтірілді. Енді сайлауға қатысуды белсендендіру, жалпы, осы саладағы демократиялық келбетті орнықтыру үшін мажоритарлық сипаттағы сайлаудың үлес салмағын 30 пайызға жеткізу көзделеді. Демек, депутаттар корпусы бірте-бірте өзінің мағыналық сипаты бойынша биліктің нағыз демократиялық күшіне айналуына тиіс.

Жаңадан ашылатын Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының өзі әкімшілік-аймақтық деңгейдегі үлкен жұмыстардың тиімділігін арттырып, өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешіп отыруға оңды ықпалын тигізеді деген оймен астасып жатыр.

Сыртқы және ішкі саяси-әлеуметтік үдерістер әзірге елімізде үйлесімді ахуалды қалыптастыруға кейбір өзіндік кедергілерін тигізіп отыр, сондықтан реформаларды толықтай жүзеге асыру үшін әрбір Қазақстан азаматының үлкен жауапкершілігін арттыру қажет. Отандастарымыздың еңбекқорлығы пен әлеуметтік әділеттілікке бейімділігі қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің іргетасы болатынына сенімдіміз.