Түбегейлі өзгерістер бастауы

Түбегейлі өзгерістер бастауы
almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы еліміздің саяси және институционалды дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болды деген ойдамын.

Президент елімізде қордаланған проблемаларды және қоғамның көтеріп жүрген түбегейлі мәселелерін шешу мақсатында әрі Қазақстандағы биліктің бағыттары арасындағы балансты қамтамасыз ету және демократия құндылықтарын нығайту мақсатында үлкен реформаларды белгіледі.

"Мемлекет әр уақытта халықтың пікірімен санасуы қажет. Осы ретте бірнеше жыл бұрын әзірленіп, іске асырыла бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының маңыздылығына көз жеткіздік. Жолдауда «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес" деп нақты мәлімделген болатын.

Кешенді реформалардың алғашқысы – Қазақстан супер президенттік биліктен қауһары мол парламенттік республикаға транформациялануы. Жалпы, елімізде іске асырылып келе жатқан демонополизация, шағын және орта бизнестің кеңінен дамуына жол ашу, қарапайым азаматтардың өз жеке бизнесін бастауға мол мүмкіндіктер беруге арналған өзгерістер тізбегі орынды деп есептеймін. Себебі, экономикалық қағидаттар мен тәжірибелерге жүгінсек, күшті мемлекет пен тұрақты қоғам – тұрмысы қалыпты орта топқа жататын азаматтардың үлес салмағының мол болуына тікелей байланысты. 

Келесі маңызды мәселе – жергілікті өкілді биліктің, яғни мәслихаттың жұмысын жетілдіріп, рөлін күшейту. Президент нақты атап өткендей, «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады». Алдағы уақытта мәслихаттарға өңір әкімдерін ұсыну барысында Президент екі үміткердің кандидатурасын енгізетін болады.

Мәслихат – халықтың мүддесін білдіріп, азаматтардың тұрмысын арттыру, аумақ шеңберіндегі маңызды шешімдер мен ережелерді қабылдау, қоғамдық тыңдаулар өткізу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуға арналған өкілді орган. Алматы мәслихаты жұртшылықпен тығыз жұмыс істеп, жаңа бастамалар мен ірі жобалардың ұйытқысы болып келеді. Жақында елімізде алғаш рет Алматы қаласында бюджеттің жобасы пысықталып, қалыптастырыла бастағанда, бірінші кезекте мәслихат депутаттарының қарауына енгізу жөніндегі қала әкімінің өкімі күшіне енді. Депутаттар халық үшін, белгілі бір көшелер мен шағынаудандардың тұрғындары үшін әлеуметтік маңызға ие сұрақтар мен өзге өзекті мәселелерді бюджет жобасына бастапқы кезеңде енгізетін болады. Бұл -  үлкен реформалардың алғашқы қадамдары.

Алдағы жақын уақытта, конституциялық заңдарға өзгерістер енгізілгеннен кейін мәслихаттар жұмысының қарқыны артып, ел мүддесін қорғау жолындағы құзыреті күшейтілетін болады.