Туризм тынысы

Мегаполисте туристер саны биыл 25 пайызға артады

 

 Алатаудың баурайында орналасқан көркем Алматының тұмса табиғаты кез келген шетелдікті баурап алатыны сөзсіз. Бұл ретте экономиканы дамытудың маңызды қадамдарының бірі – туристік әлеуетті арттыру. Осындай мүмкіндікті пайдаланып отырған Алматы әкімдігі 2021 жылы туристер санын 25 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, жол картасы мен туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматыда туристік полиция бөлімшесі құрылды. Жалпы, туристік полиция немен айналысады? Олардың әдеттегі полицейлерден ерекшелігі неде? Біз бүгін осыған тоқталғанды жөн санадық.

2019 жылы сәуірде Қазақстанда туристік полиция құрылған. Оның міндеті – туристік нысандарда шетелдік азаматтармен жұмыс істеу. Демек, қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, туристік полиция басқа елдер азаматтарының туристік нысандарда болған кезінде жайлылығы мен қауіпсіздігін, жаяу жүргіншілер аймақтарын патрульдеуді, шетелдік туристерге кеңес беруді, қауіпсіз туризмнің жай-күйіне мониторинг жүргізуді және туристерді ықтимал қауіптер туралы нақты уақыт режимінде хабарлар етуді қамтамасыз етеді. Онымен қоса, туристерге қатысты оқиғаларды жедел тергеуге жәрдем көрсетеді.

Туристік полицейлер әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сосын төрт облыста – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жұмыс істейді. Бұл – пилоттық жоба. Егер оның тиімділігі артатын болса, онда туристік полицияның мүмкіндіктері кеңейеді.

Анықтамалық та ақпарат береді

 Өткенде Алматы халықаралық әуежайында туристік полиция пункті ашылды. Онда бірнеше шет тілін меңгерген полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Бұған дейін туристік полиция бекеттері мегаполистің көрнекті жерлерінде ашылған. Атап айтсақ, «Астана» республикалық алаңында, «Медеу» спорт кешенінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мен Көктөбе саябақтарында құрылды.

– Ішкі істер органдарын реформалау, сондай-ақ, жол картасы мен туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігінде туристік полиция бөлімшесі құрылды. Ондағы басты мақсат – Қазақстанның халықаралық беделін және туристік тартымдылығын арттыру. Біздің департаменттің құрылымында көші-қон қызметінің негізінде туристік полиция құрылды. Бүгінгі таңда жаңа құрамда 30-ға жуық адам бар. Бұл арнайы полиция қызметкерлері, олар кәсіби шеберліктерін, қызметтік дағдыларын көтерумен қатар, бірнеше шет тілдерін меңгерген, атап айтқанда, ағылшын, француз, қытай және т.б. тілдерде еркін сөйлейді. Білімдерін жетілдіру мақсатында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде туристік полиция офицерлері үшін қосымша курстар ұйымдастырылуда. Бөлім білікті кадрлармен толық қамтамасыз етілген, – деді Алматы ПД бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров.

Енді мегаполиске келген шетелдіктер полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады. Қажет болған жағдайда, тәртіп сақшылары анықтамалық сипаттағы ақпарат береді.

Электромобильдермен қозғалады

 «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміздің ішкі және сыртқы туризмін дамыту мәселесіне баса назар аударылған. Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Алматыға жыл сайын миллионға жуық шетелдіктер туристік мақсатта келеді.

«Алматы бүгінде туристер қаласына айналған. Бұл, әрине, өз кезегінде елімізге келген туристер мен инвесторлардың қауіпсіздігі мәселесінің маңызын арттырады. Сондықтан Алматыда туристік полиция қызметі іске қосылды», – деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Ең бастысы, бұл жерде туристік полиция бекеттері мен полиция пункттерін шатастырмау керек. Туристік полиция модулін орнатудың мақсаты – шетелдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды толғандырған кез келген сұрақтарға жауап беру.

«Жаңа» полицейлерге бейнетіркеу құралдары мен планшет, рация сынды жабдықтар берілген. Құқықбұзушылықтың жолын кесу кезінде полиция қызметкерлері рациямен наряд шақырып, тәртіп бұзушылар туралы ақпарат беретін болады. Сонымен бірге, олар электромобильдермен, квадроциклдермен қамтамасыз етілген.

Саябақтар жаппай күзетіледі

 Алматыда саябақтар, скверлер, аллеялар және азаматтардың жаппай болатын басқа да орындарының аумағында полицейлік патрульдеу қарастырылған.

– Бұл жұмысқа ішкі істер органдарын реформалау барысында бір жыл бұрын құрылған туристік полиция өкілдері барынша тартылды. Бұған дейін туристік полиция қызметкерлері мегаполистің негізгі көрікті жерлерін патрульдеуге міндеттелген болатын, бүгінде олардың ресурстары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде және азаматтарға көмек көрсетуде пайдаланылуда, – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Шетелдік тәжірибе

 Шетелде туристік полицияның міндеттері әртүрлі болып келеді. Мысалы, Біріккен Араб әмірлігінде туристік полиция туристке қоғамдық жердегі орынсыз әрекеті үшін немесе көшеге қоқыс лақтырғанын көрсе, айыппұл салады.

Ал израильдік әріптестерінің міндеттері сәл өзгеше. Мұнда туристік полицияның міндеттері туристердің қауіпсіздігіне көбірек бағытталған. Полицейлер экскурсиялық автобустармен бірге жүріп, тіпті баратын нысандарды қауіп-қатерлерден, оның ішінде террористерден қорғау үшін алдын ала тексереді.

Ресейде туристік полицияны құрудың негізгі мақсаты – туристердің (көбінесе шетелдіктердің) де, жергілікті халықтың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Көбіне көрікті жерлерді сұрайды

 Жалпы, Алматыда туристік полиция құрылған сәттен бастап, көптеген шетелдік азамат консультативтік сипаттағы сұрақтармен жүгінген. Олардың дені жергілікті көрікті жерлерге қалай баруға болатынын және қайдан арзан тамақтануға болатынын сұраған. «Біз көмектесеміз, еріп жүреміз, такси шақыра аламыз. Себебі, туристерге кеңес беру және көмек көрсету – біздің міндетіміз», – дейді туристік полиция қызметкерлері.

Осы ретте біз Алматы қаласындағы туристік полицияның көмегіне жүгінген Арыс қаласының тұрғынымен тілдестік.

– Мен Шымкент арқылы Алматының әуежайына түстім. Қаланы жақсы білмеймін. Енді Абай даңғылының бойында орналасқан Республика сарайына қалай барарымды білмей алаңдап тұрғанда, қасыма туристік полицей келді. Ол маған бәрін нақты түсіндіріп, тіпті таксиге мінгізіп, жөн сілтеп жіберді. Бұл үшін оларға үлкен рахмет. Бұрын мен мұндай бөлімшенің бар екенін білмеппін. Бұл өте ыңғайлы, енді білетін боламын, – деп Марат Оңғаров ағамыз өз әсерімен бөлісті.

Қалай десек те, қазір коронавирус пандемиясы туризм индустриясының дамуына үлкен соққы жасады. Халықаралық туристік ұйымының (UNWTO) есептеуінше, соңғы 10 айда пандемияға байланысты бүкіл әлемде туристік саяхаттар 72 пайызға төмендеген. Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да байқалады. Соңғы 11 айда шаһарға 152,7 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 72 пайызға төмен. Ішкі туристер саны да мейлінше азайған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, 2021 жылдың екінші жартысынан бастап әлемдік туризм жанданады. Алматы қаласының Туризм басқармасы да сыртқы және ішкі туристер санын 2021 жылы 25 пайызға арттыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта туризм де, туристік полицияның да мүмкіндіктері кеңетін болады. Лайым соған жеткізсін.

 

Серік ЖҰМАБАЕВ

 

Дерек пен дәйек

 Қазақстанға ат басын тіреген әрбір екінші шетелдік турист Алматыға келеді.

Соңғы 5 жылда қалада шетелдік туристер саны 301 мыңнан 435,6 мың адамға дейін, яғни 1,4 есеге артты. Ішкі туристер саны 2,1 есеге – 420 мыңнан 898 мыңға дейін өсті.  Сонымен қатар, туристердің жалпы саны 85%-ға артты.

Орташа жылдық өсу қарқыны 10–12%-ды құрап отыр.

Шетелдік туристердің ең көбі Ресейден (26,3%), ҚХР (8%), Өзбекстаннан (6%), Қырғызстаннан (5%), Үндістаннан (5%) келеді. Сондай-ақ, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ, Франция, Италия, Гонконг және Жапониядан келетіндер де бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *