Туризм туралы талдау, COVID-19 қайтып келді ме?

Туризм туралы талдау, COVID-19 қайтып келді ме?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

Туризмнің күні туа ма?

Сол үшін Қазақстанда туризм саласының деректерін талдауға негізделген жоба іске қосылды. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қызметкерлері сентименталды талдау және статистикалық модельдеу (text analysis) әдістерін пайдалана отырып туризм саласының негізгі үш бөлігі – орналастыру орындары (Hotels and Hostels), тамақ және сусындар (Food and Beverage), сонымен қатар көрікті жерлер (Attractive places) бойынша Қазақстанда болған туристердің пікірі мен шолуына TripAdvisor платформасында мәтіндік талдау жүргізеді. Сондай-ақ Қазақстандағы туристік саланың жай-күйі айқындалып, туризмді дамыту ұсыныстары әзірленеді.

Дронмен жарақтанған полиция

Сауд Арабиясының полиция қызметкерлеріне 2024 жылы Lucid Air көлігі беріледі. Көліктің артықшылығы – мигалкісінде. Онда ұшқышсыз барлаушы дрондар жасырылған. Квадрокоптер санаулы секундтарда ұшып кету мүмкіндігіне ие. Ол үшін көліктің ішіндегі түймені бассаңыз болғаны. Дрон қылмыскерлерді немесе із-түссіз жоғалған адамды іздеу үшін аумақты тексеруге мүмкіндік береді. Әуеден түсірілген сурет онлайн режимінде көліктің ішінде орналасқан экранда бірден көрсетіледі.

Таудағы құрылыс ерекше бақылауда

Алматыда беткейдің  тіктігі 15 градустан асатын учаскелерде  шағын қабатты көппәтерлі ғимараттар салуға тыйым салынады.

"Тау бөктерлерінің одан әрі дамуын шектеу үшін Бас жоспар мен жаңа ЕТЖ аясында бұл аймақтар рекреациялық аймақтарға жатқызылды. Алматының айналасында топырақтың негізгі түрі-сазды. Топырақтың осы  түрі бар жерде құрылыс  жүргізу мүмкін емес, сондықтан қалада  осы мәселе бойынша белсенді шаруашылық жұмыс жүргізілуде. Кейбір учаскелерде бірыңғай кәріз желілері жоқ, сондықтан біз осы мәселелермен айналысамыз", - деді Ерболат Досаев.

Е-сommerce-тің екпіні зор

Соңғы 1-2 жыл бедерінде электронды сауда 20, 2 %-ға артқан. Демек Қазақстандағы электронды сауданың көлемі алдыңғы жылға қарағанда 220,1 млрд теңгеге ұлғайған дегенді білдіреді. Отандастарымыз интернет арқылы сауда жасауға мейлінше бет бұрған. Бұл ретте, киім-кешек, аяқ киім және түрлі аксессуарлардың онлайн-сатылымдағы үлес салмағы басым болғаны сонша, бұл тарапта 423,9 млрд теңге жұмсалған. Сатылымдар көлемі бойынша 2-орынға тұрмыстық техника мен электроника шыққан және жоғары технологиялық тауарлар 355 млрд тенгеге сатылып, өсімі 11,6%-ды құраған.   

Суретшінің «ғаламы»

Жас та болса өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген суретші Нұрболат Асқардың картиналарында күнделікті өмірдің жан тебірентерлік сұлулығы, күн сайын кездесетін жаңа эмоциялар мен алуан түрлі мезеттер бейнеленген. Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ашылған ĞALAM деп айдар тағылған жеке көрмесіне барсаңыз, суретші үшін отбасы деген – бұл махаббат, жеңіс және адамдардың рухани байлығы екенін түсінесіз. Оның «Ошақ», «Ана мен бала», «Немере», «Ақ дастархан», «Төртеу» «Әңгіме», «Ою», «Талтүс» және басқа да жұмыстары отбасы құндылықтарын мың бояумен бедерлейді. Ондағы жұмсақ түстер жайлылық пен жылулықты беріп қана қоймай, адамдардың бір-бірімен рухани байланысын, бір-біріне деген ықыласын ашып көрсетеді.

Маска келді қайтадан...  

Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық орындарда медициналық маска тағуға кеңес береді. COVID-19 жұқтырғандардың басым бөлігі Алматы мен Астанада. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі желтоқсаннан қаңтарға дейін сырқаттану саны 2,5 есеге артқанын хабарлады. Қазір жұқпалы инфекция жұқтырған 3 науқас ауруханада емделіп жатыр.

Алматының ұйқысын ұрлағандар

Жауапкершілікке тартылады. Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде  Алматы әкімі Ерболат Досаевтан тұрғындардың тыныштығын бұзатын автошабандоздарға қатысты шара қабылдау сұралды.

«Біз аудан тұрғындарының шағымын ескердік. Түнгі тыныштықты бұзғандарға жауапкершілік бар. Полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, Достық даңғылы, Керей-Жәнібек хандар көшесінде «Сергек» бейнекамераларын орнатуды тапсырдым. Онда жылдамдық шектеулі. Бейнебақылау камералары бұл жағдайға оң әсер ететініне сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.

Ысырапқа жол жоқ

Үкіметтің алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берген Олжас Бектенов өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін айтты.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», деді Премьер-Министр.

Жүрегіңізді сатыңызшы!

Елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға мұқтаж, ал донор мәселесі тиісті деңгейге жетпей жатыр. Су жаңа министр Ақмарал Әлназарова бірінші кезекте трансплантология мәселесіне назар аударатынын айтты.

«Мәйіттік донорлық қарастырылған Қазақстанда. Заң қабылдағанда халықаралық тәжірибеге сүйеніп жасалған жүйе. Бұл жүйені дұрыс жолға қою үшін қайта тарифтерді көтеруіміз керек. Бірнеше сатыдан тұратын жұмыс болады деп ойлаймын. Бұл жерде халықтың келісімін алмай, ол үшін халық та, қоғам да оған дайын болуы керек», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі.