ТУРИЗМ- әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары сала

«Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез-келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек».

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан.

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Міне, көктем бойы карантинде отырғанда далаға жадыраған жаз да таяп қалыпты. Еліміз алаңсыз тіршілікке де біртіндеп ене бастайтыны кәдік. Ал есік сыртында жаз көрінсе, жұрттың демалысын қайда өткізетінін ойластырып, мүмкіндігіне қарай жоспар құрары сөзсіз ғой.

Бүкіләлемдік саяхат ұйымының болжамы

Десек те, биылғы жазғы демалыс жылдағыдан өзгеше. Баяғыдай мұхит асып, теңіз жағалауына демалуға құмарлардың екпіні сәл де болса бәсеңдейтіні анық. Өйткені, бұған әлемді дүр сілкіндірген пандемияның әсер еткені сөзсіз. Халық шет елге баруы былай тұрсын, үйлерінен шығуға жасқанып қалды. Бірақ алдағы күндері бұл уақытша қиындықтың артта қалатынын ескерсек, көпшіліктің кезекті еңбек демалысын қалай ұйымдастыратынын болжау қиын емес. Деректерге сүйенсек, карантиннен кейін шет елге саяхаттаушылардың саны күрт азаятын көрінеді. Мәселен, бүкіләлемдік саяхат ұйымы биылғы жылы әлемде туристер саны 1,4 миллиардтан 1 миллиардқа дейін қысқаратынын болжап отыр. Ал Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы саяхатшылар саны бірден 40%-дан 70%-ға дейін кемитінін айтуда. Оған негіз де бар көрінеді. Әуе көлігінің халықаралық қауымдастығы жүргізген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 60%-ы індет басталғаннан кейін кемінде екі айға дейін шет елге шықпайтынын айтса, 40%-ы әуе билеттерін кемінде жарты жылдан кейін ғана броньдай бастайтынын жеткізген. Ендеше, ел карантиннен шыққаннан кейін аймақтағы ішкі туризм саласының жандана түсетіні сөзсіз ғой. Өйткені, жазғы демалысын шет елде өткізуді әдетке айналдырған саяхатшылар енді алысқа жол тартудан гөрі, өз еліміздегі көркем жерлерді аралауға кірісуі бек мүмкін. Ал қазақстандықтардың отандық демалыс орындарын таңдауының астарында еліміз үшін ішкі туризмді дамытуға деген үлес жатыр емес пе?! Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын.

Алматыға келген кез-келген
туристі өзіне баурап алады

Мәселен, бір Алматының өзі шет елден келген кез-келген туристі өзіне баурап алуға қауқарлы. Қаламызда көрікті жерлер өте көп. Одан бөлек, әсем табиғатын тамашалауға қызығушылық танытатындар қаншама? Сондай-ақ, Алматы – тарихы тереңде жатқан «Медеу» мұз айдыны мен тау шаңғы спорты әуесқойларын еріксіз өзіне тартатын «Шымбұлақ» арқылы да көпке танымал. Әйтсе де, бізге мегаполистің туристік әлеуетін арттырып, туризмнің кеңге қанат жаюы үшін танымал демалыс орындарымен шектеліп қалуға болмайды. Себебі, Алматының еліміздің бай-дәстүрі мен тағылымды тарихынан сыр шертетін жаңа демалыс нысандарын салуға мүмкіндігі зор. Ол үшін алып шаһардың көрнекі жерлерін ірі туристік өңірге айналдырып, туризмнің дамуына едәуір үлес қосуға болады. Жалпы, елімізде тізбелей берсек, бірінен екіншісі асқан табиғат таңғажайыптары жетіпартылады. Шетелдік және жергілікті туристер арасында «Медеу» мен «Шымбұлақты» айтпағанда, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы, Көлсай көлі, Бурабай, Сарыағаш, Алакөл, Қапшағай секілді т.б. демалыс орындарын білмейтін жан жоқ. Десек те, бұл демалыс орындарының барлығы бірдей заман талабына сай табыс көзіне айналып отыр деуге келмейді. Жергілікті халықтың айтуынша, еліміздегі танымал саяхат орындарындағы қонақүйлердің бағасы шетелдіктер үшін арзан болғанымен, қазақстандық саяхатшылар үшін қымбат. Бұл – бір. Екіншіден, кез-келген демалушы қызмет көрсету сапасы жоғары жерде ғана емін-еркін демалатынын ескерсек, біздегі қызмет көрсету сапасы төмен екендігі жасырын емес. Үшіншіден, демалыс орындарына апаратын жолдардың сапасы сын көтермейді. Төртіншіден, тұмса табиғаттың тамашаларын елге таныту үшін жарнама аз. Біле білсеңіз, көп ел демалыс орындарына деген қызығушылықты жарнама арқылы арттырады. Яғни жарнаманың кемшіндігі еліміздегі туризмнің дамуына тұсау болатын мәселелердің бірі деуге болады. Міне, қазақстандықтардың ел аумағында саяхаттауына кедергі келтіретін мәселелердің бірқатары осылар. Демек, ел азаматтарының қызмет көрсетуі тиісті деңгейде қалыптаспаған отандық демалыс орындарына қаражат шығындағанша, шет елдің жоғары санатты қызмет көрсететін курорттарында демалғанын артық көретіні сондықтан. Қазақстандық саяхатшылардың басым бөлігі жыл сайын шет ел асып қыдыратын болғандықтан, олар еліміздегі інжу-маржан саналатын жерлердің барлығын біле бермейді. Жасыратыны жоқ, арамызда Алматының төрінде отырса да әлі күнге дейін «Шымбұлақ» пен «Медеуге» барып көрмеген ағайындар бар. Десек те, туған жерін сүйетін әрбір азамат өз еліндегі көрнекті жерлердің барлығын білгені һәм көргені абзал.

Iшкі туризмнің дамуы өзімізге байланысты

Байқасаңыз, әлеуметтік желілерде отандастарымыз шет елде демалып жүрген суреттері мен бейнежазбаларын жиі жариялап жатады. Кейде бұл көріністер бізге өзгелердің курортын жарнамалап жатқандай көрінеді. Егер кез-келген қазақстандық еліміздегі демалыс орындарын дәл осылай «жарнамалайтын» болса, біздің ішкі туризм әлдеқашан дамып кеткен болар еді. Сондықтан жарнама мәселесі назардан қалмауы тиіс. Егер біз жоғарыда айтылған олқылықтардың орнын толтыратын болсақ, еліміздегі төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ішкі туризм күн санап емес, сағат санап дами түсер еді. Ол үшін бізге ең бірінші, баға мен сапаны үйлестіру керек. Одан кейін саяхатшыларға талапқа сай қызмет көрсетудің сапасын арттыру қажет. Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары салаға жатады. Елдің экономикалық қуатын күшейтіп, халықтың тұрмысын жақсартуда да маңызы зор. Ішкі туризм дамыса көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, елдегі жұмыссыздық азаюға да септігі тиеді. Егер ел азаматтары ең әуелі отандық демалыс орындарын таңдап, ішкі туризмді дамытуға үлес қосса, бұл біз үшін үлкен жетістік болар еді. Елімізде туризм саласы ілгері бассын десек қазақстандықтар Қазақстанда демалайық! Себебі, ішкі туризмнің дамуы өзімізге байланысты.

• Керек дерек

• Әлемде туристер саны 1,4 млрд.-тан 1 млрд.-қа дейін қысқарады

• Карантин аяқталғаннан кейін саяхатшылардың 60% екі айға дейін шетелге шықпайтынын айтып отыр.

• 40% әуе билеттеріне жарты жылдан кейін ғана тапсырыс бермек

• Сіз білесіз бе?

• 2010-2018 жылдар аралығында 12 мың қазақстандық шетелдегі демалыстан елге орала алмай әуреге түскен

• Отандаста¬рымыздың басым бөлігі демалысын үйде өткізгенді жөн санайды екен

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *