Туристер үшiн көшпелiлер мәдениетi көрмесiн ашу керек

4

Шетелдiктердi осындай ұлттық құндылықтармен ғана қызықтыра аламыз

 

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Газетiмiздiң алдыңғы нөмiрiнде қалалық мәслихатта кезектi тыңдау өтiп, онда қалалық Денешынықтыру және спорт, сонымен бiрге Туризм басқармаларының басшылары депутаттар алдында атқарып отырған жұмыстары жөнiнде баяндағанын хабарлаған болатынбыз. Қалыпты қызмет барысынан бөлек, алға қойып отырған үлкен жобалар – 2017 жылғы Қысқы Универсиада ойындары мен «Көк жайлау» тау-шаңғы курортына қатысты дайындық шаралары пысықталып жатқанын айтқан басқарма басшыларының жұмыстарын мұқият сараптаудан өткiзген мәслихат депутаттары маңызды деген мәселелерге тоқталып, түйткiлдi тұстарына қатысты сұрақтарын төпелеттi. Сол жиында талқыға түскен жұмыстардың негiзгiлерiн назарларыңызға ұсынбақпыз.

 

Аула клубтарының қызметi әлi де жандануы тиiс

Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Хайырболат Хайдаровтың мәлiм еткенiндей, қазiргi уақытта қызмет етiп тұрған «Сұңқар» трамплиндер кешенiнiң құрылысы толық аяқталмаған. Оның жанынан тағы қосымша 3 трамплин салынбақ екен. Ал, олардың аяқталу мерзiмi алдағы жаздың соңына қарай жоспарланып отыр. Сондай-ақ, кешенде жүзу бассейнi, спорт залы, қонақ үй кешенi де қоса қарастырылған. Басқарма басшысының айтуынша, тамыз айында бұл трамплиндерде балалар мен жасөспiрiмдер арасындағы iрi халықаралық жарыс өтпек.

Айта кетейiк, Алматыда өткiзу жоспарланып отырған халықаралық жарыс бiр бұл ғана емес. Жуырда ғана қала басшысы Ахметжан Смағұлұлы Халықаралық велосипедшiлер қауымдастығының президентi Пэт Мак Куэйдпен кездесiп, алдағы қазан айында Алматыда жоғары деңгейдегi бiр күндiк велотур ұйымдастыру жөнiнде келiскен болатын. Сонымен бiрге, Хайырболат Саламатұлы қала тұрғындарының арасында 289 мың адам спортпен тұрақты шұғылданатынын және 13 мыңнан астам бала спорт мектептерiнде тегiн жаттығып жүргенiн тiлге тиек еттi.

Алайда, мәслихат депутаты Сейiлбек Қалақовтың пiкiрiнше, егер алматылықтардың бестен бiр бөлiгi спортпен тұрақты айналысатын болса, бiздегi қазiргi бар спорт нысандары әлдеқайда жеткiлiксiз. Оның үстiне, 1,5 млн. Халқы бар (бұл ресми дерек қана) Алматы үшiн 300 мыңға жуық адам жоғары көрсеткiш емес.

Сонымен бiрге, бiздегi аула клубтарының қаншалықты тиiмдi жұмыс жүргiзiп жатқанына қатысты өзектi бiр жәйттi шешiп алған дұрыс секiлдi. Жалпы, қазiргi 9-10-сынып оқушыларының 2017 жылы Қысқы Универсиада ойындары кезiнде ел құрамасының сапына енетiндiгi белгiлi. Сондықтан, спорт мектептерiн жабдықтап, олардың санын көбейтумен бiрге, аула клубтарының қызметiн де жандандыру өте маңызды.

Бiрақ, аула клубтары балаларды күнделiктi спорттық ойындарға баулитын таптырмас орын болса да, Денешынықтыру және спорт басқармасының құзырына кiрмейтiндiгi күн тәртiбiне қалып тұр. Тiптi, Хайырболат Саламатұлы сол аула клубтарының күнi кешеге дейiн кiмнiң иелiгiне қарайтындығы даулы мәселе болып келгендiгiн айтады. Тек, кейiнгi уақыттары ғана ПИК-тердiң қарамағына өтiп, қазiр аула клубтарының қалыпты қызмет етiп тұруы соларға жүктелдi.

Алайда, балалардың уақытын текке өткiзбей, спорттық шараларға тарту басқарманың мiндетiне кiредi. Ендеше, Бiлiм беру, Денсаулық сақтау және Жастар саясаты басқармаларының басын қосып, осы түйткiлдi бiр жөнге келтiру қажеттiлiгi туындайды. Депутаттар да жақын уақытта осындай отырысты өткiзетiн болып келiстi.

 

Туризмдi дамытуға қатысты арнайы бағдарлама қажет

 

Депутаттар алдында жауап берген Туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов та халық қалаулыларымен өзектi жәйттердi талқыға салды. Аталған басқарма туралы сөз қозғағанда, алдымен, қызметке кiрiскенiне аз уақыт болғандықтан, атқарылған жұмыстардан гөрi, басқарманың болашақта қолға алуы тиiс iрi жоспарларының егжей-тегжейiн қараған дұрыс болар.

Мәслихат депутаттары аталған басқармаға қатысты ұлттық құндылықтарымызды дәрiптеуге мән беру жағын жандандыру қажет деп көрсеттi. «Көк жайлау» курорты қала тұрғындары мен сырттан келушiлер үшiн қажеттi орталық болады. Дегенмен, шет ел азаматтарын заманауи жетiстiктермен таңқалдыра алмаймыз. Сондықтан, шетелдiктер үшiн де, iшкi туризм үшiн де көзайым боларлық дүние – ұлттық нақыштағы дүниелерiмiздi барынша насихаттау болып тұр.

Бiр кездерi ашық аспан астындағы көшпелiлер мәдениетiн сипаттайтын кең көлемдi мұражай ұйымдастыру сөз болған-ды. Түрлi себептерге байланысты ойға алынған жоба жүзеге аспай қалды. Ендiгi ретте сол жобаны iске қосуға керемет мүмкiндiк туып отыр.

Бақытжан Төлеужанұлының айтуынша, Алматының сыртында қалалық Мәдениет басқармасының қолға алуымен Сақ қорғандары көркемделiп, саяхатшылар үшiн аралап көруге ыңғайлы етiп жасалмақ. Осы ретте, сол айтылған көшпелiлер мәдениетiн көрсететiн ашық аспан астындағы мұражайды ұйымдастыру Сақ қорғандарына келушiлер қатарын арттыра түсуге ықпалын тигiзетiн болады.

Депутаттардың айтуынша, ескерерлiк бiр мәселе, Алматының маңын туристiк орталықтарға айналдыру бiр басқарманың қолынан келмейтiн шаруа. Сондықтан, Алматы облысымен күрделi мәселелердi бiрiгiп шешуге қатысты байланыс орнатып, кешендi бағдарлама қабылдау қажет. Және сол бағдарламаға сәйкес, салалық басқармалар өздерiне тиесiлi бөлiктерiн атқарып беруi тиiс. Осыған орай, депутаттар наурыз айының iшiнде тағы бiр отырыс өткiзетiн болып тарқасты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *