Циркте кездескенше!

Циркте кездескенше!
almaty-akshamy.kz

Ұзақ уақытқа созылған карантиннен кейін Алматы циркі сүйікті көрермендеріне есігін қайтадан айқара ашты. Қазақ мемлекеттік циркі аты аңызға айналған қазақ балуаны, цирк артисі Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған  «HELLO CIRCUS» атты жаңа бағдарламасын ұсынды.

Цирктің бұл бағдарламасына Қазақ мемлекеттік циркінің бірегей  нөмірлері мен жұлдыздары қатысты. Атап айтсақ, күштік атлет, даршылар, орыс таяқшасындағы гимнастар, эквилибристер, лопингтегі вольтижер-акробаттары, әуе гимнастары, үйретілген иттер, аттар! Барлық нөмірлерді көрермендер бір орында тапжылмастан, қол шапалақтап қызыға тамашалады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Дүниежүзілік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Таурус» сыйлығының иегері Ж.Кунгужиновтың жетекшілігімен «Номад» тобы атты-акробатикалық жаттығуларымен көпшілікті тәнті етті. Атты-акробатикалық қойылымда аттың құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер балақайлардың жылқы малына деген қызығушылығын оятып, ерекше қошеметке бөленді. Монте-Карлода өткен IX Халықаралық «Жаңа буын» цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері, ХХ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бірінші орын иегері, «Азия жаңғырығы» VI Халықаралық цирк өнері фестивалінің алтын жүлдегері Анна Демидова өнер көрсетіп, жоғары деңгейде сахналанған қызықты қойылымдармен көрермендерге қуаныш сыйлады. Көрермен демін ішіне тарта отырып тамашалаған қойылымның бірі танымал қазақстандық спортшы, армрестлингтен халықаралық спорт шебері, экстремалды күштік спорт түрлерінен бірнеше рекордтардың иегері, мас-рестлинг Әлем Кубогінің екінші орын жеңімпазы Тимур Сыпатаевтың қойылымы болды. Ол 25 келі тұратын қылышты оп-оңай сермеп, әртүрлі жаттығулар жасағанда, көрермендер шулап кетті. Одан кейін батырдың төрт жағынан төрт атты келіп, арқанмен тартқан кезде оның нағыз Қажымұқанның ізбасары екеніне көз жеткендей болды. Күш атасы Қажымұқанның жолын жалғап, халықаралық аренада жетістікке жетіп жүрген атлет алғаш рет қала тұрғындарының алдында өнерін көрсетті. Ол осыған дейін 400 келілік түйені көтеріп, рекорд орнатқан болатын.

«Атамыздың 150 жылдығына орай арнайы шақырылып келіп жатырмыз. Қаншама темірді майыстыру оңай емес, атамыз жасаған трюктар көп. Аталарымыздың салған сара жолын ұрпақ боп жалғастыру – біздің парызымыз», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі Тимур Сыпатаев.

Ал «Белдіктердегі әуе гимнастары» нөміріндегі қойылымды сахналауда еш қорықпаған қос ару – Ухань қаласында өткен ХІ Халықаралық цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері, VII Халықаралық «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалінің Гран-при иегері Марина Стародубова мен Даяна Жетпісоваға көрермендер шапалақты аямай соқты. Учао мен Уханьдағы Халықаралық цирк өнері фестивальдерінің қола жүлдегері Тимур Коржумбаевтың жетекшілігімен «Үйретілген иттер» нөмірінен кішкентай көрермендердің алған әсері мен қуанышы ерекше болды. Бүлдіршіндер  сахнадағы әртістердің өнері мен иттердің қимыл-қозғалысын сүйсіне тамашалады. Әсіресе, ортаға көңілді сайқымазақтар шыққанда, керемет көңіл күйге кенелді. Балалармен байланыс орнатып, қызықты сұрақтар қою арқылы олар цирк ішін кішкентайлардың сыңғырлаған күміс күлкісіне толтырды. Ішек-сілесі қатып әбден күліп алғаннан кейін, көрермендерді таңқаларлық шоу күтіп тұрды. Ханчжоуда өткен халықаралық иллюзиалық өнер фестивалінің алтын жүлдегері Ләззат Байтоқанованың қойылымы расымен балаға да, үлкенге де таңсық дүние болды. Жарқ-жұрқ еткен арудың қысқа ғана уақыттың аралығында көрерменнің көз алдында 8 көйлекті қалай ауыстырып үлгергенін түсіне алмай аң-таң қалды.

 Цветной  бульвардағы Ю.Никулин циркі, Мәскеу халықаралық жастар цирк өнері фестиваль-байқауының және II Минск цирк өнері фестивалінің қола жүлдегерлері Әділет Тикановтың жетекшілігіндегі жаңа «Қос қытай мачтасы» нөмірі, Равиль Сейдгариевтың жетекшілігіндегі «Даршылар», Қазақ мемлекеттік циркінің би-акробатикалық балет және   басқа да жарқын цирк нөмірлері мен көңілді репризалар да қалың көпшіліктің ыстық қошеметін алды.

  • Алматы циркінің шығармашылық ұжымы өз көрермендерімен бұл кездесуді көптен күтті, цирк артистері желіден тыс және офлайн-режимде талмай жұмыс жасады. Бір жарым жылдан бергі демалыс болған кезде де ешқандай артист қарап жатқан жоқ. Өйткені, цирк артисінің өмірі спорт сияқты. Күнде ширатылып, тартылған резеңкедей болып, самдағайлығы, күштілігі болмаса, ол өз формасын жоғалтып алады. Сондықтан артистердің барлығы бір жарым жылдың ішінде, қатаң карантин болған кезде үйлерінде дайындалды. Біз өз циркімізде алматылықтарды және оңтүстік астананың қонақтарын, цирк өнерінің барлық бағалаушыларын үлкен қуанышпен күтеміз. Көрермендерді бас айналатын трюктер, таңғажайып сиқыр, жануарлар, риясыз күлкі күтуде,– деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебай.

Әртүрлі жанрдағы қойылымдар көптен сағынып келген балаларды да, ата-аналарды да бір сәтке зеріктірмеді. Қойылымның қызықты өтуіне атсалысып, бойындағы бар өнерін салған цирк әртістері алматылық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ақылды жануарлар, таң-тамаша қалдыратын трюктер, жарқын күлкі, таңғажайып өзгерулер және жағымды эмоциялар сияқты цирктің сиқырына келген өнерсүйер қауым риза болып қайтты. Қазақ мемлекеттік циркіндегі ерекше бағдарламамен дайындалған бұл қойылымдардың қызығын алматылық көрермендер 15 шілдеге дейін тамашалай алады.