Троллейбуста да спортпен шұғылдануға болады

Троллейбуста да спортпен шұғылдануға болады
almaty-akshamy.kz

Алматыдағы троллейбус паркі қоғамдық көлікте спортпен шұғылданған жүргізушіге фитнес-орталыққа абономент сыйлады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz «Хабар 24» сілтеме жасап.

Парк басшылығы 55 жастағы Асхат Ибраевқа әлеуметтік желілердегі суреті арқылы назар аударған. Жүргізуші жұмыс арасындағы спорттық жаттығу қаланың шуынан сергуге және жолаушылармен қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетінін айтады.

Белтемірге тартылу – Асхат Ибраевтың бала кезінен келе жатқан әдеті. "Тартылсам, тезірек өсемін деп ойлайтынмын", - дейді жүргізуші.

Ер жеткенде спорттық құралдарды үйіне орнатып алады. Бір орында ұзақ отырғаннан арқа ауруы пайда болатыны рас. Ал троллейбустың рөлінде кешке дейін отыруға тура келеді.

Сондықтан ол ұстағыш тұтқаларды пайдаланып, түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырыпты. 

Асхат Ибраев, троллейбус жүргізушісі: – Дені саудың – жаны сау. Жастар қазір телефон мен компьютерден ажырамайды. Әрине, электронды ғасыр болып тұр ғой. Дегенмен қимыл-қозғалыс керек.

Спорт – Асхат Ибраевтың бір қыры ғана. Ол бос уақытында сурет салып, аңшылық құралдарды жасайды. Онысын арнайы сатпайды. Көңілі құлаған адамдар алады екен.