Тренажер бағасы аспандап тұр

Тренажер бағасы аспандап тұр
Bloglovin.com

Қазір Алматы мен Елордада, облыс орталықтарында фитнес-клуб, спорт залдары аз емес. Бірақ мына әлемдік пандемия, дағдарыс, күнделікті күйбең тірлік пен жұмысбастылықты ескеріп, жұртшылықтың тән саулығына жаппай ден қоюына мұрша беріп жатқан бірде-бір спорт залы жоқ. Олар әлдеқашан қалтасы қалыңдарға ғана қызмет көрсетудің жолына түсіп кетті.

Мәселен, бір ғана Алматыда ірілі-ұсақты 70-ке жуық фитнес клубтар, сауықтыру орталықтары бар. Алайда, олардың бағасы, қызмет көрсету құны өте қымбат.

Тренажер залына аптасына үш рет барсаңыз, айына 20 мың теңге төлейсіз. Бассейнде жүзудің бір айға арналған арзан абонементінің өзі 20–25 мың тұрады. Бірақ кез келген ата-ана баласын тренажер залдарға жіберетін болса, оның өз бетімен дайындалғанын емес, кәсіби инструктормен бірге жаттыққанын қалайды. Өйткені, онсыз қанша ай шұғылданса да, нәтиже шығару қиын. Жаттығу залдарының өзі де инструкторлармен дербес айналысуға кеңес береді.

Алайда, оған тағы да қосымша ақы қосылады. Әр инструктор өз қызметі үшін кем дегенде 10 мың теңге алады. Егер ол спорт шебері немесе түрлі сайыстардан чемпион атағын алса, оның қызмет ақысы қымбат болады. Бұл ретте кәсіби маманның жаттығуына топ болып қатыссаңыз, сәл арзандау түседі. Ал егер жеке өзін ғана дайындайтын болса, оның құны жоғары тұрады. Бұл тұста тренажер залдарының бәрі жеке болғандықтан, балаларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Көп балалы отбасы болсын, мүгедек бала болса да – ақы бәріне бірдей.