«ТОЛҚЫМА» ТӨБЕ КӨРСЕТТІ…

Алғашқы жылымық, үркердің жамбасқа түсер кезі осы. Дана халқымыз: «Он бес күні құдайдікі, он бес күні – кедейдікі» деген наурыз айы үш күннен кейін басталады

 Қазекеңнің «наурыздың он бес күні – құдайдікі, он бес күні – кедейдікі» – деген тәмсіліне тоқталайық. Бұл наурыздың алғашқы жартысында ауа райының аумалы-төкпелі, шаруаға жайсыз болып, қалған жартысында күн жылынып, қыстан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болатынын білдірсе керек.

Өткенде Үркердің ауып бара жатқанын, күннің аздап жылынуына соның әсері болғанын айтқанбыз. Бұрынғылардың табиғат тылсымын күні бұрын болжауында Үркердің орны ерекше.Үркер  – Торпақ шоқжұлдызының құрамындағы  бір-біріне жақын орналасқан жұлдыздар шоғыры. Қыстың күндері түнге қарай тас төбеде жалт-жұлт етіп тұрады.

«Үркер шаңырақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген бабаларымыз. Үркер  күз басында іңірде шығыстан, қыс басында іңірде төбеден, көктем басында іңірде батыстан көрінеді. Үркер аспанға көтерілген сайын күн суытады. Данагөй қарттарымыз «Үркерлі айдың бәрі қыс» деп соны айтқан. Керісінше, төмендегенде (мамыр, маусым айларында көзден тасаланып, қырық күн көрінбегенде) ауа райы жылынып, көк қаулап шығады. Жазда Үркердің түнде көрінбейтін cебебі сондықтан.

Бір жылда Ай мен Үркер 13 рет тоғысады. Көктемгі күн мен түннің теңелуі Үркер жұлдыз шоғырына сәйкес келеді. Халқымыз  тоғыс есебі деп аталатын күнтізбе жүйесін осы Үркер мен Айдың (әрбір 27-28 күнде) тоғысуына негіздеп жасап, жыл басын  қақаған қаңтардан емес, күн мен түн теңелген көктемнен бастаған. Осы кезде құстар да келе бастайды. Жер көгереді, өріс кеңейеді.

«Күштің айы» атанған үштің айының  (ақпан) бітуіне үш күн қалды. Қылаулап, арагідік тыныстап қар жауып, оның ызғары бетті қарыды. Жұлдыздардың қимыл-әрекетіне қарағанда, Алматыда құлақ үситіндей үскірік болмайтын сыңайлы. Бірақ тышқан істерін істеп алып, аузына қорегін тістеп алып тарих қойнауына зытып барады. Ал  маңғаз сиыр асықпай, аптықпай келеді. Қыс тоқсаны (оңтүстікте тоқсан күнге созылады) наурыздың 13-14-іне шығатынын ескерсек, әлі де сақтанған абзал.

Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін ақпанның 25-і. Ай есебінше, – 13-і. Ал қазақша, ақпан айы күні ертең басталады. Сөз етіп отырған аптамыз айдың басы мен ортасына және соңғы аптасына сәйкес келіп тұр. Бұл ауа райында болатын өзгерісті аңғартса керек. Алдағы аптада ауа райы тұрақсыз болатын сыңайлы: ашық күн де, жауын-шашын да көрініс беруі ғажап емес. Бірақ таңертең болмашы ызғар және түнге қарай айтарлықтай суық болуы ықтимал.

 

Бабалар айтады

*Қыс қарсыз болса, жаз қуаң болады. Жер көлкілдеп,

ылғал молайса, жазда жер отты болады.

*Дала қарлы болса, келер жазда жер – нәрлі болады.

*Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады.

*Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болады.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *