Токиода боксшылардың моральдық-психологиялық дайындығы әлсіз болды

Токиода  боксшылардың моральдық-психологиялық дайындығы әлсіз болды
inform.kz

Ұлттық Олимпиада комитеті боксшылардың Токиода көрсеткен өнеріне баға берді

Ұлттық Олимпиада комитеті бас ассамблеясының отырысында комитеттің бас хатшысы Андрей Крюков боксшылардың Токиодағы сәтсіздігіне баға берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz inform.kz сілтеме жасап.

«Бокстан ұлттық құрама команда Рио ойындарының алдында АҚШ-та дайындалып, Василий Левит пен Данияр Елеусінов сияқты үздіктер арнайы бағдарлама бойынша жаттыққан еді. Бұл бағдарламаға тіпті бюджеттен тыс қаражат бөлінген болатын. Боксшылар арасында соңғы бір жылда ешбір жарыстың болмауы олимпиада цикліне дайындықты нашарлатты. Токио Олимпиадасының нәтижесі ұлттық біріншіліктерінде бәсеке өте жоғары ірі елдер ғана жарыс тәжірибесін ішкі жағдайда қамтамасыз ете алғанын көрсетті», - деді Андрей Крюков.

Оның айтуына қарағанда, ішкі чемпионаттың деңгейі АҚШ спортшыларына - жеңіл атлетикада, бокс пен гимнастика саласында, Жапония спортшыларына - дзюдода, Оңтүстік Корея спортшыларына - садақ ату мен семсерлесуде табысты өнер көрсетуге мүмкіндік берген.

«Бізге Азия елдерінің пандемия кезінде бір-бірінен оқшау қалғаны да кері әсерін тигізді. Ал Еуропа елдерінде өзара қатынау мүмкіндігі болды. Осылайша спортшылар күнтізбесін өзгеріссіз қалдырып, жарыс практикасын қажетті мөлшерде ала білді. Талдау жүргізе келіп, сарапшылар жарыс практикасының болмауынан бөлек, ұлттық құрама мүшелерінің моральдық-психологиялық дайындығы әлсіз болғанын айтты. Әсіресе жеке спорт түрлерінде солай болған. Дайындық жаттығуларының жабық жағдайда өтуі жалғыз дайындалатын спортшылардың психологиялық көңіл-күйіне әсер еткен. Бапкерлердің қателескен тұсы да болды. Бірақ оған көп жағдайда пандемия шектеуінен жол табу әрекеттері себепкер болған», - деді комитеттің бас хатшысы.