Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды

Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды
Сурет: Еgemen.kz

Мың жарымға жуық адам рақымшылыққа ілінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Рақымшылыққа қаңтар оқиғасына қатысқандар ілінеді. Амнистия жалпы алғанда 1500-дей адамды қамтиды.

Заңға сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Егер сотталған адамның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады.

Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын.