Тоқаев түркі елдеріне сутегі энергетикасының халықаралық консорциумын құруды ұсынды

Тоқаев түркі елдеріне сутегі энергетикасының халықаралық консорциумын құруды ұсынды
Cурет: Inform.kz

Сонымен қатар, Президент қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келе жатқанын еске салды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналғанын атап өтті, – деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарата сілтеме жасап.

«Қазір дүниежүзі экологиялық түйткілдерді шешуге ерекше мән беруде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз. Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек. Қазақстанның көмірсутегі қоры мол. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз», – деді Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.

Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткізілді.

«Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық», – деді Президент.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келе жатқанын еске салды. Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды.

«Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» енді «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталды.