ТМД елдері ойындары: Белбеу күресінің шеберлері екі алтын иеленді

ТМД елдері ойындары: Белбеу күресінің шеберлері екі алтын иеленді
Сурет: Gov.kz

Жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, «Ақ Барыс» жекпе-жек сарайында белбеу күрестен жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

2001-2003 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер 14 жүлде жиынтығын (ұлдар 8, қыздар 6 салмақта) сарапқа салды. Қазақстандық спортшылар екі алтын, бес күміс және үш қола медальға қол жеткізді.

48 келі салмақта белдесетін Балымай Төлеген финалда өзбекстандық құрбысы Мохигул Ибрагимованы 8:5 есебімен ұтса, ерлер арасында 62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрсұлтан Нұрсейітов қырғыз Қалысбек Қайымовты таза жеңіп, құрама қоржынына екінші алтынды салды.

52 келі салмақтағы Назерке Әбілтаева өзбекстандық Фарангиз Абдунабиеваға, 66 келі салмақтағы Асылжан Орынбасарова тағы бір өзбекстандық Мафтунабону Махмудоваға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар ұлдар арасында +100 кг салмақта Бақберген Бербенбай ресейлік Зураб Макацарияға, 100 келіде Заңғар Жаңабек қырғыз Нұрманбет Раймалы уулуға, 57 келіде Жандос Әбубәкіров өзбекстандық Комронбек Ортиковқа жол беріп, күміске ие болды.

Сондай-ақ, Сағат Байғараева (58 кг), Қалдыгүл Бекет (76 кг), Наурызбек Мамыт (75 кг) үздік үштікті түйіндеп, қола медальға ие болды. Барлығы 10 жүлдені жеңіп алған Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінде жалпы есепте Өзбекстан мен Ресейден кейін үшінші сатыға тұрақтады.