Тіұшақ апатында қаза болған экипаж мүшелерінің отбасына өтемақы төленеді

Тіұшақ апатында қаза болған экипаж мүшелерінің отбасына өтемақы төленеді
Сурет: Aa.com.tr

Батыс Қазақстандағы тікұшақ апатының хронологиясы белгілі болды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, тікұшақ кеше сағат таңғы 10:40-та Атыраудан ұшып шыққан. «Қазтрансойл» компаниясының тапсырысымен көкке көтерілген МИ-8 мұнай құбырларын әуеден барлап жүргенде, Орал қаласынан 54 шақырымдай аумақта апатқа ұшыраған. Оқыс оқиға жайлы хабар орталыққа 15:48-де түскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алғашында «бортта болған 6 адам тірі» деп ақпарат тарады. Өйткені жараланғандардың бірі диспетчерге «өзгелер де аман» деп хабарлаған. Алайда, 4 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Тағы 2-еуі жараланған. Тікұшақ зауыттан 2021 жылы шығарылған. Өткен айда жүргізілген техникалық тексеру кезінде ешқандай ақау анықталмапты. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия құрылып, Көліктегі полиция департаменті апаттың себебін анықтап жатыр. Тергеуді Бас көлік прокуратурасы қадағалайды. Тікұшақты құрастырған ресейлік зауыттың өкілдері де апат орнына барып, оқыс оқиғаның себебін анықтауға көмектеспек. Ал қаза болған экипаж мүшелерінің отбасына өтемақы төленеді. Балаларына кәмелет жасына толғанша жәрдемақы берілмек.

«Айта кету керек, экипажда өте білікті, тәжірибелі мамандар болды. Олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Әрқайсының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес. Ал әрқайсының жалпы еңбек өтілі, жұмыс тәжірибелері 30 жылдан асады», - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.