Тіркеуге өтініш берген үш партияның құжаттары кері қайтарылды

Тіркеуге өтініш берген үш партияның құжаттары кері қайтарылды
dev.m24.ru

Тіркеуге өтініш берген үш партияның құжаттары кері қайтарылды. Бұл туралы бүгін Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Министрдің мәлімдеуіне, әзірге бұл бірлестіктер барлық қажетті құжатын тапсырмаған. Әзірге партияларға ескі талаптар қойылады. Яғни ұйымдастырушы топта мың адам, ал мүше саны 20 мыңнан кем болмауы тиіс.

«Үш партияны тіркеуге құжат тапсырылып жатыр. Олардың арасында «Ел тірегі», «Байтақ» бар. Бірақ олардың құжаттары бірнеше рет қайтарылған. Ұйымдастыру тобының ішінде әр адамның мәліметтері көрсетілуі керек. Кей жағдайда адамдардың ЖСН-і сәйкес келмейді, ал бір жағдайларда өмірден өткен адамдар ұйымдастыру тобының тізіміне кіргізілген. Сондай-ақ басқа партиялардың мүшелері де кездесіп жатады. Бұл кісілер заң бойынша тізімнен шығарылуы керек. Осы орайда ұйымдастыру тобындағы мүшелердің саны тиісті межеге жетпей қалып жатады», - деді Қ. Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталған заңнамалық талаптар орындалмаған жағдайда ұсынылған құжаттар қайтарылады.

«Бұл өз кезегінде ұйымдастырушылардың жұмысы мен міндеті болып саналады. Яғни олар тізімдерді егжей-тегжейлі тексеріп, кемшіліктерге жол бермеуі керек. Егер олар құжаттарын дұрыс тапсырса, міндетті түрде тіркейміз. Қазір партияны тіркеу үшін ұйымдастыру тобының саны 1000 адамды қамтуы керек. Ал партияның мүшесі 20 мың болуы тиіс», - деді министр.