Тіл  білмеген  жан  өз  Отанына  адал  қызмет   ете  алмайды

Мемлекет болған  жерде  ұлттық идеологиясыз өмір сүру мүмкін емес. Қазақстанның ортақ идеясы – көпұлттылық деп танитындар да бар. Біздің  қателігіміз де  осында жатыр.  Ұлттық идеология – бірлік пен татулықтан көрініс   табуы   үшін   керек десек, оған келісуге болады.   Бірақ біз осы бірлік деп жүріп   елдігімізге сына қағып жатқан жоқпыз ба? Елімізде 130-дан   астам ұлт өкілі тұрады деп жүріп Қазақстанды   мекендейтін этностардың санын 140-қа бірақ жеткізіп  алдық. Одан  біз этностық  жарыста жүлде  алмасымыз  анық.

Ф.Энгельстің: «Өзінің құл екенін білмейтін құл нағыз  барып тұрған құлдың   өзі» деген сөзі бар. Біздің бір бөлігіміз сондай күйдеміз. Оның себебі, кешегі отарлық   күйімізді, құлдық сананы да мойындағымыз келмейді. Міне, осындай тарихи себептердің салдарынан тәуелсіздіктің қадіріне жетпеу, ұлттың тарихын жоққа шығару, өз ұлтын менсінбеу және жек көру, өзгені пір тұтып, солардың ырқына бейімделу секілді ұстанымдар қалыптасып отыр.

Тәуелсіздігімізге күмәнмен қарап, ұлтымыздың тарихын жоққа шығарған, ұлттық символдарымызды мазақ қылғандардан (туымызды іш киім, Елтаңбамызды күлсалғыш қылған) арылу үшін барлығын түпкі негізден бастау керек.

Белгілі  қоғам қайраткері   Алдан Смайыл  ағамыз бұл туралы былай дейді: – Басқаны айтпағанда, бүгінгі мектеп оқулығында 1979 жылы Целиноградта неміс автономиясына қарсы көтерілген қазақ жастарының тарихы жазылмаған. Осы мәселені «Егеменге» 100 рет жаздым! Қанша депутаттық сауал жолдадым. Бір адам илікпеді. Неге? Сонда тәуелсіздік, тұтастық үшін күрескен   жастар біздің идеологиямызға керегі жоқ па?!. Егер сол 1979 жылғы   оқиға болмағанда Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің болу-болмасы екіталай еді. Өйткені, алғаш рет жастар шындап күрессең, сол кездегі СОКП-ның   саяси бюросының шешімін де кері қайтаруға болатынына   көз жеткізді. Ақмолалық жастардың азат ойын желтоқсандықтар іліп әкетті. Мен бұл жерде тарихи сабақтастықты айтып отырмын. 1960-жылдардағы «Есеп» сияқты ұйымдардың болуы Ақмола оқиғасын туғызды».

Өркениеттік үрдістерден кешеуіл қалған елдердің азаматтық қоғамының қабырғасы да кеш қатаятыны белгілі. Сондықтан болар, ондай елде ұлт түсінігі де азаматтық жерлестік принципімен емес, қандастық принципімен байланысты.  Қазір бүкіл әлем тобырлық мәдениеттің ықпалында тайғанақтап қалып отыр. Телеарналар адамға ой салатын, көркемдік құндылығы жоғары, идеясы мен мазмұны терең фильмнен гөрі арзанқол сериал   арқылы рейтингін   көтереді. Олар осы арқылы  жарнама жинап, ақша табады. Ресей басқа елдерге, халықтарға өзінің трагедиялық тағдыры арқылы сабақ беру үшін өмір сүріп жатыр. Шынында да, татар-моңғол шапқыншылығы 1812 жылғы  және 1941-45 жылдардағы Отан соғыстары, қазан төңкерісі, сталиндік қуғын-сүргін, алып елдің – Кеңес Одағының күйреуі, осының бәрі басқа елдер үшін тарихи сабақ болып қалды.

Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тәкаппар, қара басының қамын күйттеген   өзімшіл, рухани   тұрғыдан   жетілмеген, әлсіз адамнан өз ортасына тиер зиян аз емес. Бүгінгі жастардың психологиясына Батыс фильмдерінің тигізіп жатқан кері әсері аз еместігі рас. Ал кинотеатр басшылары   адамға   үрей сыйлайтын фильмнің көрермені көп екенін айтады. Жалпы, халық пен «қорқынышты фильмнің» арасын соншалықты жақындатып, байланыстыру қажет пе?

Бұл тобырлық мәдениеттің, электронды әлемнің ықпалы болып отыр. Өкінішке қарай, біздің   қоғамда қатыгез, қанышер адамның бүлдіршінге күш көрсетуі белең алып отыр. Қатыгездік, мейірімсіздік, нәпсіқұмарлық адам табиғатында бар нәрсе. Бірақ бұрын ол соншалықты жарнамаланып, көрсетілмейтін. Жетпісінші жылдары ауылдық жерде бес-алты үйге бір теледидар   болатын.   Қазір әр үйде екі-үш теледидар мен компьютер бар. Кез келген бұрышта әртүрлі жанрдағы фильм емін-еркін сатылып жатыр. Әлемнің шалғай түкпірінде болған оқиғаны айналасы он-он бес минутта интернеттен біле аласыз. Ал бұрынғы    кеңестік кезеңде американдық фильм тұрмақ, Америка туралы мағлұмат жоқтың қасы болатын. Анда-санда газеттен оның «шіріп жатқандығын» оқитынбыз. Өкінішке қарай, телеарналар    ұлттық   рухты көтеретін, ұлттық құнды дүниелерге қарағанда, адамның басты    инстинктіне сай туындыларды жарнамалап жатыр. Қайтесіз, телеарналар да нарық заңымен өтімді,  өнімді қажет етіп отырған уақыт. Тобырлық мәдениеттің зандылығымен өмір сүріп отырған қазіргі қоғамда әлемдік    киностудиялар   да соған сай фильм түсіруде. Мысалы, Голливудтың көп өнімі сол инстинкт төңірегінде. Қаншама режиссерлер адамның табиғи инстинктімен «ойнап», қалың бұқараны жаулап, қыруар ақша табуда. Әлеуметтік психология мамандарының зерттеуінше, қорқынышты    фильмді қорқақ адам жиі көреді екен. Ол виртуалды шындықта   фильм кейіпкерінің ерлігін өзі жасағандай сезінетін болар. Сондай ақ, эротикалық фильмге белсіз, әлсіз адам әуес екен дегенді де естиміз. Демек, адам өз бойында жоқ нәрсені виртуалды шындық экран шындығы    арқылы    толықтырғысы   келеді деген сөз.

Ыстамбұлдық   профессор, шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қараның пікірінше, бүгінгі    жаһандану   заманында шетелдердегі қазақтар Қазақстанға қызмет етуі үшін, мемлекет мұны ұтымды пайдалануы керек. «Өз ана тілін білмеген қазақтан Қазақстанға    келетін пайда жоқ. Атамекенін жақсы білмейтін адамнан да Қазақстанға   еш пайда жоқ. Сондықтан шетелдегі   қазақтарға елмен араласуға мол мүмкіндік жасаған абзал. Мысалы Францияда тұратын қазаққа Отанын аралатып-көрсетіп, оның  туризмімен таныстырса, ол туған жерінің туризмі үшін еңбек етеді. Елін танымаған, тілін білмейтін қазақ өз халқына қызмет ете алмасы анық. Сондықтан диаспора саясатының бір бөлігі Қазақстанды таныстыру бағытында болғаны жөн», — дейді ол. Әбдуақап Қараның пайымдауынша, барша қазақ атамекендегісі бар, шетелдегісі бар Қазақстан тәуелсіздігін сақтап    қалу үшін жанын аямай қызмет етуі керек.  Әлемдегі бар қазақтың бір ғана мақсаты болуы керек – ол Қазақстан   тәуелсіздігін баянды ету, — дейді түркиялық қандасымыз.

Кешегі Кеңес одағы қазақты қазаққа жамандап көрсеткен сұрқия саясат жүргізді. Шетел қазағына КСРО-дағы қазақты атеист деді. Ал КСРО-дағы қазаққа шеттегі қазақты сатқын, бай тұқымы деп көрсетті. Бір қазақтың екінші қазақтан айырмасы жоқ. Сондықтан жер бетіндегі бар қазақтың  ынтымақ-бірлігін нығайтуымыз керек. Бұл  жерде әліпби мәселесін шешіп, латын қарпіне көшу кезек күттірмейтін жұмыс. Шыңжаң казақтары Қазақстанды күтіп, латынға көшуге дайын отыр. Ал Қазақстан латынға көшсе, әліпби бірлігі болады. Ол дегеніміз – тіл бірлігі, тіл_бірлігі келсе – идея да, мақсат та бір болады. Қазақстаннын келешегі өте зор. Бүгінде  осыған сенбейтіндер де бар.

Өйткені      олардың басым көпшілігінде  рухани тәуелсіздік жоқ. Әрине, ондай тәуелсіздікке жетуге уақыт қажет. Санасы тәуелді адамдар өз балаларын орыс    мектебіне, ағылшынша оқуға беруде. Өйткені олар өз елінің келешегіне сенбейтіндер. Менің ойымша, біз көп ұзамай тәуелді санадан    арылуымыз керек. Әр қазақ өз елімен, оның жеткен жетістіктерімен мақтана білгенде ғана, өз   Отанының нағыз патриоты болады деп ойлаймын!», — дейді Әбдуақап Қара.

Мәдениетті адам өзінің  құқығын, еліміздің зандарын да жетік білуге тырысады. Ағат қылықтар, өрескел істер жасауға бармайды. Өзінің қандай істермен айналысуына болатынын, заңға   қайшы келетін әрекеттерден аулақ   жүруді   біледі. Айталық, Жер шарының  бір тұсына барғанда, «Бұл – Қазақстан   азаматы» дегенде өзге елдің өкілдері тек қана құрметпен қарайтын-деңгейді сақтап тұруға міндеттіміз. Қалай?..

Бүгінде  біліктілігі жоғары, рухани байлығы мол жастар елдің экономикасын, мәдениетін    өрге  тартатынына  сенім  жоғалған. Ал  өзге  ұлт  өкілдері  болашақ  өз  өмірлерін  сырттан  іздейді.    Себебі,  оларға  мектеп  партасынан  бұл  сенің  туған  Отаның  деген  ұғымды  түсіндіре  алмадық.  Айтсақ,  ол  декларативті  күйде  болды.  Оған  мына  мысалды  айтуға  болады.

УЕФА құрамына өткен кезімізде ұлттық құрамамыз Алматының Орталық стадионында Украина, Әзірбайжан, Түркияның командаларымен кездесулер өткізді. Сонда қазақстандық украиндар, әзірбайжандар мен түріктер сырттан келген қандастарына жақтасып, қазақтардың намысына тиді. Әзірбайжанмен өткен жолдастық кездесудің соңы қақтығысқа ұласа жаздады.  Ол  біздің  әлсіздігімізден  болды.   Көшедегі көліктерден де орыстың, түріктің тіпті ұйғыр мен күрдтің тулары желбіретіп жүретінін байқамау тіпті де мүмкін емес  еді. Осындай жағдайларға қарап біздің ортақ идеологиямыз    көпұлттылықты насихаттау деп айта аламыз ба? Американдық    футуролог ғалым Самюэль Хантингтонның «Біз кімбіз?» (Who аrе wе?) атты еңбегінде американдық    ұлттың  болашағына алаңдайды. «Ұлттық идеологиямыз мығым емес, АҚШ-тың оңтүстігі испанша сөйлеп барады» —  деп шырылдайды. Міне  көрдіңіз  бе,  қырық    құрау американдықтардың өзі «ұлтым» деп қамығады.

Мысалы, Жеңіс    күніне орай қазақ жұртына не   ұсына алдық? Мейлі деректі, мейлі көркемсуретті болсын, көрермендерімізді қандай тың фильммен, болмаса әдеби-көркем туындымен қуанттық? Әдеби шығармалардан ойымызға тек қана Баубек Бұлқышев пен Бауыржан Момышұлының публицистикасы, Қасым Қайсенов пен Әди Шәріповтің шығармалары оралады. Ал кинодан Мәжит Бегалиннің «Артымызда –  Москва», «Мәншүк   туралы ән», Нұрмұхан  Жантөриннің «Орман балладасы» фильмдері    тәрізді тағылымды дүниені де күні бүгінге дейін көре    алмай жүрміз. Сөйтіп, майдандағы ерлігі кез келген ұлттың өкілінен кем түспеген даңқты батырларымызды елеусіз, ескерусіз қалдырдық. Мысалы, күні    кешегі Мәскеу шеруінде «Рейхстагқа тігілген тулардың ішінде Михаил Егоров пен Мелитон Кантария тіккен ту Жеңіс туы ретінде танылғандығы» тағы да мәлім етілді. Демек, біз Рейхстагқа Жеңіс   туын қадаған батырлардың бірі де, бірегейі де болған Рахымжан атамыздың   ерлігімен өз ішімізде мақтанғанымыз болмаса, өзгеге әлі мойындата алған жоқпыз. Ал    тасада қалған мүндай ерліктер мен айтылмай жүрген ақиқаттар бізде қаншама! Осынау даңқты шежірені лайықты дәрежеде дәріптеп, ұлт абыройын асқақтату –  қажетті де қасиетті міндет  емес  пе  еді?.

Ал    Ресейге қалай қызықпассың? Бүкіл ел болып бір-ақ күнде уақыт демімен тыныстап, тарих рухымен биіктеп сала береді. Айбынды шеру өз алдына, күні бойы күллі Мәскеуді отты жылдар жаңғырығы жайлады: кинотеатрларды былай қойып, соғыстың жанды хроникалары, деректі фильмдер мен бейнетаспалардан  көз  тұнады.

Жеңіс мерекесін осыншама дәріптеу ұлт рухын мейлінше  асқақтату үшін қажет.  Қызыл алаңда өткен және төрткүл дүние түгелімен көз тіккен кешегі Жеңіс шеруі, негізінен, орыс елінің абыройын асырды және «нацизмнің тамырына балта шауып, тұтастай ұлттарды қырып-жоюға бағытталған машинаны тоқтатқан, өркениет   негіздерін шайқалтушы идеологияға   нүкте қойған ұлт…» ретінде оны барынша дәріптеді. Өз бағасын білу және өзгеге де соны мойындату тұрғысынан алғанда, бұл –  әрине, үйренуге де үлгі алуға да тұрарлық   құндылықтар  жүйесі.

Әлемдік тәжірибені шола отырып, мемлекет   құрылысын қалыптастыру үстіндегі Қазақстанға алысты көздейтін, сұңғыла саясатқа негізделген жалпыұлттық жобалар ауадай қажет екендігіне көз жеткіземіз. Тіпті ұлт тарихындағы пассионар тұлғалардың бір өзі бүкіл мемлекеттің, ұлттың мәселесін шешіп бергеніне қалай тәнті болмассыз? Орта ғасырларда әл-Фараби,    Қожа    Ахмет    Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари т.б. дала исламына соны жол салды, мұсылман ренессансын тудырды. Затаевич қазақтың     мың әнін жинады, Ахмет Жұбанов Затаевич жиған-терген әндерді операға,    пьесаға айналдырды.

Мемлекет    құраушы ұлт ретінде қазақтардың өзінің миссиясын сезініп, жауапкершілікті білгендігінен деп айтуға болады. Дегенмен де еліміз индустриялық    бағдарламаны іс жүзіне асыру барысында модернизацияның екінші кезеңіне өту алдында тұр. Осы кезде мәдени-рухани мәселелердің өзектілігі артады. Өйткені «ақылды экономика» қатарына қосылу үшін қоғамның      адами потенциалы өте биік болуы қажет. Ол үшін мәдени-рухани мәселелерді алдыңғы позицияға шығаруымыз керек. Американың белгілі    футуролоғы     Фрэнсис Фукуяма    әрбір елдің даму деңгейі сол елдің мәдени-рухани    дамуына сәйкес екендігін дәлелдеп берді. Бізге өзіміздің салт-дәстүрімізді қоғам дамуының   оңтайлы әдіс-тәсіліне айналдыру қажет.

30 жылдай уақыт өтсе де, тіл мәселесі     күн    тәртібінен түспей келеді. Тілінің жағдайы мүшкіл қазаққа өзге ұлттарды топтастырудың жауапкершілігі    өте    қиын. Себебі    қазақ ұлтының өзі әр тілде сөйлеп, әртүрлі діни ағымдарға бөлшектеніп кеткені жасырын емес. Сондықтан өзгені біріктіруші күшке айналу    үшін қазақтың өзі топтасып,  үлгі  көрсетуі  тиіс.  Өзге ұлттарды бір    елдің    халқы етіп    жіберген КСРО-ның тәжірибесін қарайтын    болсақ, бұл жерде шешуші фактор тіл болды. Африканың Сенегал, Алжир сияқты елдерінен Францияға қоныс аударғандардың барлығы неге өздерін     французбыз    дейді? Себебі,    қоныс аударушылардың барлығы да француз тілін жетік біліп, француз қоғамына еркін сіңісіп кетіп жатыр.   Әр құрлықтан    нәпақа табу үшін мұхит асып жатқандардың барлығы да ағылшын тілін білсе ғана АҚШ-та тұрақтай алады. Кез келген мемлекет өзге ұлт өкілдерін ешуақытта күштеп ассимиляциялай алмайды. Сондықтан сол елдің тілін меңгеру ең маңызды фактор болып қала    береді. Ал бізде_әзірге мемлекет  құраушы ұлттың тіліне сұраныстың  жоқтығы –   біздің бір ортақ  мақсат  жолында бірігуімізге  кедергісін тигізіп отыр.

Тіл демекші, әнебір жылы  Қазақстан Парламенті Сенатының  депутаты  Мұрат Бақтиярұлы    депутаттық    сауалында қоғамда орын алып отырған жағымсыз бір фактіні  алға тартты.   Сенатор өз сөзінде: «Әлемнің ең мықты  30 елінің  бастауыш сыныптарында  қанша тіл оқытылатынын зерттеп қарасақ,    екі тіл 1-сыныпта – 4 елде, 2-сыныпта – 5 елде, 4-сыныпта – 12 елде  ғана оқытылса, ал әлемнің бірде-бір елінде  үш тіл  мүлдем оқытылмайды екен… Біз  қазір таусылмайтын, аяғына дейін жетпеген  реформалардың  жетегінде  белгісіз  бағытпен   кетіп барамыз. Осының азабын  10 – 15 жыл өткеннен кейін тартпасақ жарар еді» — деді.

 

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *