Спутник V вакцинасын жасауға қатысқан  қазақ  ғалымы

Адамзат  атам  заманнан  аурудың  жазылмайтын  бір түрін  екінші  түрі  алмастырып  отырған. Құрт  ауруына  ем  табылғанда обыр   ауруы шықты. СПИД  сырқаты  шығып,  жанымызды  шүберекке  түйгенде, оның  да емі  табылды. Енді  басымызды  көтере  бергенде  белгісіз   ковид  індеті  белең  алды. Қазір  онымен  бүкіл  әлем  болып  күрес жүріп  жатыр. Бұған дейін  жазылмайтындай  болып көрінген   кеселге    ем  табылып  қалар  дегенбіз. Бүгін  сол мақсатымызға  жетіп  отырмыз. Осыған  орай, әлем ғалымдары  ауруға қарсы  тұрар жаңа вакцина ойлап табуға күш  біріктіруге  жұмылды. Нәтижесінде вирусқа қарсы  вакцина өмірге келді. Оны алғашқы болып,   ресейлік  Гамалея орталығы ойлап  шығарды.

Вирусологтардың бүкіл тобы ресейлік «Спутник V» коронавирустық вакцинасын жасауда күндіз-түні  жұмыс жасады. Олардың арасында қазақстандық  ғалым  Ілияс Есмағамбетовтің  де  еңбегі  бар. Қазақстандық  бұқаралық  ақпарат  құралдары  ол туралы  әлі  жазған  емес.  Қазір «Спутник V» препаратына  әлем бойынша сұраныс артып  отыр. Ол туралы әңгімемізді  жалғастырмас бұрын  оған  қатысқан  қандасымыз  жөнінде айта кетуді  жөн көрдік.

Вирусолог  ғалымның  тарихи  отаны – Қазақстан.  Оның  ата-анасы  еліміздің  Шымкент  өңірінен  Ресейге  білім  іздеп  барып,  осы  өңірде  тұрақтап  қалған.   Вирусолог  ғалымның әкесі  Болат Есмағамбетов  –   Бауман университетінде оқыған, содан кейін аспирантура  тамамдаған.  Ілиястың әкесінің мамандығы аэроғарыштық технологиялармен байланысты. КСРО құлағанға дейін ол Ресейде жұмыс істеген. Өткен  ғасырдың  90-жылдарының басында  Қазақстанға оралған.

Болашақ  вирусолог  Ілияс  Есмағамбетов –  Мәскеу облысында дүниеге келген.  Қазақстанға жиі келіп  тұрады.  Осында  әкесінің туыстары  тұрады.   Оларды  Қазақстанның төрт қаласынан – Шымкенттен, Алматыдан, Байқоңырдан және Нұр-Сұлтаннан кездестіруге  болады. Ілияс соңғы рет Қазақстанға   екі  жыл  бұрын  келген.

Ілияс Есмағамбетов – Мәскеу Мемлекеттік қолданбалы биотехнология университетінде «молекулалық биотехнология»  мамандығы бойынша   білім  алған. Түрлі  ғылыми  орындарда  тәжірибелерден  өтіп,   Гамалея ұлттық зерттеу орталығында  іс-тәжірибеден  өткен. Биология, вирусология және генетикалық инженерия кафедрасында  Гамалея орталығы директорының орынбасары Бород Савельевич Народицкийден  дәріс алған.  Ол осы  ортада  тәжірибеден  өтіп,  осында тамыр жайып, Гамалея орталығында 10 жылдай жұмыс істеген.

Қейін  ғалым  «Спутник V» препаратын жасаушылар қатарына тартылған. Өйткені ол аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиясын меңгерген зертханалардың бірінің мүшесі болған.  Қазақ  ғалымы  өзінің  вакцинамен айналысқан    үлкен топтың жұмысына араласқанын  мақтаныш  етеді. 

Ілиястың өзі коронавирусқа қарсы екпе алған. Ол алған  екпенің  жанама әсерлері болғанын  жасырмайды.

«Зерттеулер болған кезде мен алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Ресейде вакцина пайда болған кезде менің туыстарыма да вакцина салынды. Ал қазақстандық туыстар әлі үлгерген  жоқ.

Бірінші компоненттен кейін аздап температура байқалды. Мен бұл мәселені ерекше атап өткім келеді. Бұл  жағдайда Сіз біріншіден, векторлық вакциналар не себепті ең тиімділердің бірі екенін түсінуіңіз керек. Олар инфекциялық процесті имитациялайды. Сондықтан дененің температура түрінде қысқа мерзімді иммундық реакциясы пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл адамның ауырып тұрғанын білдірмейді. Тек иммундық жүйеге  жауап береді. Ең  бастысы, КВИ вакцинасы басқа  вакциналар сияқты иммунобиологиялық  препарат  болып табылады Қолданған кезде  оның  қарсы  көрсетілімдері жоқ. Адам ағзасына  енгізген кезде бұл вакциналар  оның  бойында антиденелер  қалыптастырады, иммунологиялық  реакция пайда болады, ол әр адамда түрлі  болуы мүмкін. Жағымсыз  реакцияларды  бірден айту да мүмкін емес, иммунды  жауаптың қалыпты  көріністері мен иммундаудан  кейінгі  жағымсыз  көріністерді  ажырату  қажет», — деп түсіндіреді ол.

КВИ вакцинасын  әзірлеу бүкіл әлемде короновирустық  инфекцияны  жаппай жұқтыру  және адамның  жаппай  өлімі  орын алғандықтан  аса шұғыл жағдайда өткені анық.  Бұдан басқа, фармацевтикалық  компаниялар  проблеманың  ғаламдық  деңгейде  болуына байланысты  вакцинаны  тез әзірлеуге  айтарлықтай ресурстар  жұмсауына  тура келген. Осы  істердің  басы-қасында біздің  қандасымыздың  болғанын  мақтаныш  етуіміз  керек.

Ілияс  Есмағамбетов  вакцинациялау қажет пе деп ойлайтындарға оның оң және теріс жақтарын мұқият өлшеп көруге кеңес беріп отыр.

–Мен, вакцинация салдыру  әркімнің жеке ісі деп ойлаймын. Егер сіз вакцина салғаннан  кейін денсаулығым нашарлап кетеді,- деп қорқатын болсаңыз, мен  керісінше, вакцина 90% -дан жоғары қорғаныс кепілдігі береді, бұл қазірдің өзінде ресми мәліметтерге ие деп жауап берген  болар едім. Ауру – бұл өте қауіпті, әсіресе,  темірдей  денсаулығыңмен мақтана алмасаңыз,  оған  сенім  артуға болмайды.  Бұрын  вируспен ауырып, ағзасында  қалыптасқан  антиденеге қарамастан, қайталап  ауыруың  да мүмкін.   Сондықтан адамдардың  ағзасының әртүрлі  болатыны  тәрізді әр пациентті  қалыпқа келтірудің  жолдары да  әртүрлі болуы  тиіс. Ал жалпылай алғанда,  әртүрлі топтағы  сырқаттар бойынша, вирустың  қалдырған ізіне байланысты  сауықтырудың  әдістерін  жетілдіру қажет. Вакцинаға  келген кезде денсаулығында кінәрат болмаса, дене қызуы көтерілмесе,  бұрын жұқпалы  аурумен  ауырмаса, сонымен қатар, созылмалы  ауруларының  асқынуы болмаса, жасауға  болады. Жалпы алғанда кері медициналық  көрсеткіштері  болмауы  тиіс. Әр адамның  өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, вакцинаны  таңдау  мүмкіндігі бар. Бүгінде біреу біреуді   мәжбүрлей  алмайды. Дегенмен ел болып біріккенде ғана қалыпты  өмірге орала аламыз, — деп жауап береді ғалым.

Сырқат шақырусыз  келетін  қонақ іспеттес. Ол бай мен  кедейді де  бөлмейді. Әйтпесе,  қолында ресурстық күші бар мемлекет басшылары  жылы  сөзімен  індеттің  басынан  сипалап  отырып,  құтылып  кеткен  болар еді.  Вирустың  нағыз  өршіген  бірінші  толқынында-ақ, Франция  президенті Эммануэль Макронның, Словакия  премьер-министрі Игорь Матовичтің,  Армения премьер-минитрі Николь  Пашинянның, Белорусь президенті  Александр Лукашенконың,  Польша  президентінің, Ұлыбритания  премьер-министрінің Хорбатия  премьер-министрінің, Болгария  премьер-министрінің,  Монако князінің  індет  жұқтырып  алғанын  жасыра алмасымыз  анық.

Вакцинация – бұл иммунизация. «Спутник» вакцинасы  клиникалық  жағынан  жан-жақты  тексерілген. Бұл бізге  әдеттегі өмір салтына – карантиндік шектеусіз өмірге  оралуға мүмкіндік береді. Вакцина –  бізге еркіндік береді, денсаулық  береді. Ол – адам ағзасына антиденелер тірі вируспен кездескенде күресуге  қабілетті, осылайша  олар аурудың  алдын алады.

Бүгінгі  мақсат  – адамзат  баласының  өмірін сақтап  қалу өте  өткір күйде  тұр.  Оған  халықаралық  қауымдастықтар  мен әлемнің  жетекші  саясаткерлері жанұшыра  араласуда.  Осыған  орай  БҰҰ Бас хатшысы Антониу  Гуттериш  адамзатқа  қатер  тудырып  отырған  мәселелер  бойынша  әлем  халқына  үндеу арнады. Ол өз сөзінде: «Адамдардың  әлі де планетамызға төнген қауіпті  жоққа  шығаратыны таң қалдырады. Дәл қазір апаттық  жағдайдамыз сондықтан да  бүгін мемлекет басшыларынан төтенше жағдай жариялап, көпшіліктің  назарын аударуды  сұрап отырмын.  Планетамыздың бүгінгі  күйі,  жаһандық  жылыну мен оның  алдын-алу шараларын қолға алуымыз керек. Карбонның ауаға бөліну  үлесі тым жоғары. Біз  бұл  жағдайды шешуге  ұмтылуымыз керек. Келер  ұрпаққа  планетамызды осындай  халде  табыстай  алмаймыз. Бұл саяси  тұрғыдан да қате.   Барлық  ел, қала,  ұйым, бірлестік пен компаниялар планетамызға  кесірін келтіретін  ешқандай әрекетке бармауы керек. Барлығы алдымен осыны  ескеретін  қысқа мерзімді  жоспар  ұсынсын», деді  Бас хатшы өз үндеуінде.

Бүгінгі таңда унилатерализм  ортақ тағдыр  тұрғанда  жақсылыққа  алып келмейді. Мультилатеризмге  бастау,  серіктестікке  басымдық  беру  мен  бірлік  қана адамзатты  құтқарып, планетамызды  сақтауға  көмектеседі. Бұл – бұлтартпас  дәлел.

Бүгінгі таңда «Спутник» вакцинасы ең танымал екпе  препараты  болып тұр. Гамелея  атындағы Ресей  эпидемология  және микробиология ұлттық  ғылыми  орталығының ғалымдарымен  әзірленген  екпе  2020 жылдың  11 тамызында  әлемдегі  тұңғыш короновирусқа  қарсы  вакцина  ретінде  тіркелді.  Вакцинаның  эпидемиологиялық  тиімділігі 91,6  пайызды  құраған. Екпеден  кейін адамның  бойында 98 пайыз  антидене  қалыптасады  екен. Ал  әлемнің  басқа  елдерінде  шығарылған вакциналар оған  жетпейтін  көрінеді. Гамалея  атындағы  Ресей  эпидемиология  және  микробиология ұлттық  ғылыми  орталығының  ғалымдары короновирустың  өзге  штамптарына қарсы  тұра  алатын вакциналар  жасау  технологиясын  ойлап  табушылар  қатарында  қазақ  ғалымының  болғанын  мақтаныш  етеміз. Және  қазақ  ғалымы  бұл  құрамда  өте  біліктілік  танытқанын  айрықша  атап  өтуіміз  керек. Бүгінгі таңда қандасымыз Ілияс  Есмағамбетов  қабықты  вирустарға қарсы  вакциналар  мен  препараттар  жасаудың  технологиялық  платформасын  ашқан  ғалымдар  қатарында  аты  атылып  отыр.  Қазақ  баласының  есімі  әлемдік  медицина  тарихында  алтын  әріптерімен  жазылатыны  анық. Бүгінгі  таңда  препаратты  ойлап  табушыларды  химия,  биология, медицина   саласы  бойынша  Нобель  сыйлығына  ұсыну  туралы  ұсыныстар  айтылуда.

Бүгінде  қазақ  ғалымының  қолының  табы  бар  препарат Гвинея  Президенті  Альфа Конденің,  Аргентина  Президенті Альберто Фернандестің  және  көптеген әлем  елдері  қайраткерлерінің  қанында қорғаныш  қабілетін  атқарып  жүр.

Ресейлік вакцинаны  бүгінде  әлемнің  70-тен  астам  елі  ресми  тіркеп  отыр. Бұл вакцинаны – Алжир, Германия, Гвинея, Боливия,  Венесуэла,  Венгрия,  Жапония, Қытай,  АҚШ, Австрия, Ұлыбритания,  Үндістан, Ливан,  Мьянма, Монғолия, Франция,  Мексика,  Тунис, Австралия,  Израиль,  Тайвань,  Палестина, Никарагуа, Индонезия,  Бельгия,  Оңтүстік  Корея, Италия,  Пәкістан,  Араб Әмірліктері, Аргентина   мойындап,   препараттарды алуға  ұсыныс  жасап  отыр.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *