Тергеудегілер де таңдау жасады

Тергеудегілер де таңдау жасады
Сурет: Сайлау 2023 ТГ

Олардың жартысынан астамы таңдау жасап үлгерді.

Бүгін Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №72 мекемесіндегі (Тергеу изоляторы) тұтқындар да сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 104-бабының 3-бөлігінде көзделгендей, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандардан басқа күдіктілердің сайлауға қатысуға құқықтары бар. Аталған санатқа тергеу тұтқынындағылар мен соттың үкімі әлі күшіне енбеген, жасы он сегізге толған азаматтар жатады.

Парламент Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық кезінде Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің шешімімен Тергеу изоляторы орналасқан аумақ бойынша №479 сайлау учаскесі құрылып, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бекітілді.

№72 мекемесінде сайлау өткізу үшін 5 кабина жабдықталып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген болатын. Сонымен қатар сайлау учаскесіне бейнебақылау орнатылып, аталған ғимараттың өрт қауіпсіздігіне комиссиялық түрде тексеру жүргізілді.

«Осындай маңызы зор саяси науқанға №72 мекемесіндегі тергеу қамауындағылар да белсенді түрде атсалысты. 19 наурыз күні таңғы 7.00-ден бастап тергеу изоляторындағы дауыс беруге құқылы мыңнан астам күдікті тіркелген. Оларға алдын ала ҚАЖ департаментінің қызметкерлері Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына кандидаттармен танысу үшін ақпараттық материалдар ұсынған болатын», – деді сайлау учаскесінің төрағасы мекеме бастығы, әділет подполковнигі А.Қапышев.

Дәл қазір тергеу изоляторындағы сайлау учаскесіне сайлаушы ретінде тіркелген тұтқындардың жартысынан астамы таңдау жасап үлгерді.