Тергеу хаттамалары бейнежазбамен бекітілуі мүмкін

Тергеу хаттамалары бейнежазбамен бекітілуі мүмкін
Сурет: 24.kz

Мұндай тәсіл Ұлыбритания, Норвегия сияқты елдерде қолданылады.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев тергеу хаттамаларын бейнежазбамен бекіту тәсілін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз дамыған елдердің халықаралық тәжірибесін мұқият зерттеп жатырмыз. Еуропа елдерінде полицияның ұсталғандармен қарым-қатынасын реттейтін арнайы стандарты бар. Сақшылар сол стандартты сақтай отырып жұмыс істейді. Ол стандарттар бойынша полиция өкілінің әрбір қадамы рет-ретімен көрсетілген. Яғни, бір қадамды істемей тұрып, екінші қадамын жасай алмайды. Мұндай тәсіл Ұлыбритания, Норвегия сияқты елдерде қолданылады», - деді Бас прокуратура өкілі.

Айтуынша, аталған тәсілдерді Қазақстанға да енгізу керек.

«Тергеу туралы айтсақ, ол бейнекамерамен жабдықталған арнайы кабинетте қорғаушының қатысуымен өтуі керек. Қылмыстық процестердің ашықтығы үшін тергеу әрекеттерінің бейнехаттамасын енгізуді бекіту орынды болады. Бейнехаттама тергеу шарасының қорытындысы мен барысын бұрмалауға жол бермейді. Сондай-ақ, тергеушілердің құзырын асыра пайдалануына жол бермейді. Технологияларды кеңінен қолдану құқық қорғау органдарының жұмысындағы қара дақтарды жарыққа шығарады деп топшылаймын», - деді Ерлік Кененбаев.