Теннисші Зарина Дияс Чикагоға жолдама алды

Теннисші Зарина Дияс Чикагоға жолдама алды
Сурет: Іnbusiness.kz

Отандасымыз теннистен жақсы өнер көрсетті.

Дүние жүзіндегі рейтингте 112-орында тұрған Зарина Дияс Чикаго WTA 250 турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Іріктеу сайыстарының 4-ракеткасы болып тіркелген Дияс алдымен рейтингте 448-сатыдағы ұлыбританиялық Эден Силваны 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Отандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 254-ракеткасы, оңтүстіккореялық На-Лэ Ханьмен күш сынасты. З.Дияс сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта 5:7, 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол бәсеке барысында 13 брейк-пойнттың 10-ын пайдаланды. Қарсыласы 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Теннисшілер бірде-бір эйс жасаған жоқ.

Осылайша Зарина негізгі жарысқа жолдама алды. Чикаго WTA 250 турнирі 23-30 тамыз аралығында өтеді.