Теннисші Зарина Дияс биылғы жарыстарға қатыса алмайтынын мәлімдеді

Теннисші Зарина Дияс биылғы жарыстарға қатыса алмайтынын мәлімдеді
Сурет: Ашық дереккөз

 Әлемдік рейтингте 31-орынға дейін көтерілген Зарина күні бүгін 200-сатыда тұр

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс биылғы жарыстарға қатыса алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қазақстандық спортшы жарақаты мен денсаулығындағы кінәратқа байланысты өзінің сүйікті Уимблдон және басқа турнирлерде өнер көрсетпейтінін жария етті. 

«Бұл мен үшін, әрине, ауыр. Бірақ ештеңе істей алмайсың, осыған көндігіп, денсаулығымды қалпына келтіруді бастау қажет. Сөйтіп 2023 жылы кортқа тың күшпен оралу керек. Соңғы айларда қиындықты жеңе отырып, ауырсам да, жаттығуға тура келді. Қазір енді денсаулықты күтіп, жаңа маусымға дайындықты барынша тезірек бастауға тырыссам ба деймін. Жанкүйерлеріме сенімдеріңіз үшін алғысымды айтамын. Өздеріңізді сақтаңыздар!», деді Зарина Дияс. 

Кезінде әлемдік рейтингте 31-орынға дейін көтерілген Зарина күні бүгін 200-сатыда тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Григорий Ломакиннің Миланда жарыстың бірінші ракеткасын ұтқанын, Михаил Кукушкиннің Уимблдонда іріктеу сайыстарының финалына шыққанын жазған болатынбыз.