Теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты

Теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты
Сурет: Prosports.kz

Қазақстандық теннисші монаколық әріптесімен тартысты кездесу өткізді.

Қазақстандық теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы Bangkok Open челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтау теннис мектебінің түлегі, дүниежүзілік рейтингте 395-орында тұрған Б.Жукаев ширек финалда әлемнің 271-ракеткасы, монаколық Валентин Вашеромен тартысты кездесу өткізді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 7:5, 3:6, 7:6 (7:2) есебімен жеңісті жұлып алды.

Үшінші, шешуші сетте монаколық спортшы есеп 5:4 болған мезетте матчқа доп берді. Бірақ Бейбіт брейк жасап, таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте айқын басымдылық танытты. Жукаев бәсеке барысында 18 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Б.Жукаев финалға шығу үшін әлемнің 432-ракеткасы, франциялық Артур Казомен таласады.