ТЕМIР ЖОЛДЫҢ ДҮРСIЛI – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖҮРЕК ҚАҒЫСЫН БIЛДIРЕДI

Мәншүк БЕКБОСЫН

Темiр жол – ел экономикасының өзегi, мемлекетiмiздiң қуатты жүйесi. Бүгiнде 17 миллиондай адам тасымалдың осы түрiн пайдаланатынын ескерсек, құрылғанына бiр ғасырдан асқан болат жолдың бүгiнгi тынысы жыл санап жақсарып келедi. Әрине, осы жетiстiктерге Елбасының қолдауымен республикамыздың бiлiктi, тәжiрибелi кәсiби темiржолшылары маңдай терiн төгiп, аянбай еңбек етуде. Бұл ретте темiржол саласына 40 жыл ғұмырын арнаған, осы саланың соны жаңалықтарын дүниеге әкелуге тiкелей өз үлесiн аямай қосып келе жатқан белгiлi темiржолшының бiрi – Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, Аягөз қаласының Құрметтi азаматы, Алматы пайдалану локомотивi депосының директоры Болат Мұсақажыұлы Оспанов.

Бүгiнгi «Депутат дидары» айдарындағы әңгiмемiз Болат Мұсақажыұлының төңiрегiнде өрбiмек. Оның өмiр баспалдақтары, еңбек жолы кейiнгi толқын жас ұлттық кадрларымыздың қай-қайсысына болмасын, тамаша үлгi болары шындық.

«БIЗДIҢ ТЕМIРЖОЛШЫ БОЛМАУЫМЫЗ МҮМКIН ЕМЕС ЕДI»

Болат Мұсақажыұлы Оспанов – темiр жол десе, iшкен асын жерге қоятын темiр жолдың нағыз тарландарының бiрi. Мұны ол күнделiктi iсiмен дәлелдеп те жүр. Ол Аягөз депосында қарапайым тепловоз жүргiзушiсiнен бастап (машинистiң көмекшiсi, отарба машинисi, машинистiң нұсқаушысы, дайындау цехының аға шеберi), бiраз басшылық жұмыстарды атқарыпты. Болат мырзаның бұл зор еңбегiн Елбасының өзi жоғары бағалап, 2004 жылы Қазақстан темiр жолына 100 жыл толу мерекесiне орай «Қазақстан темiр жолына 100 жыл» мерейтойлық медалiмен марапаттаған. Болат Мұсақажыұлының бұдан басқа да марапаттары жетерлiк. Мұны көз ашқалы темiр жолдың айналасында келе жатқан кәнiгi маманға деген лайықты құрмет деп бiлген жөн.

– Бiз көзiмiздi темiр жолмен аштық. Тұратын мекенiмiз – темiр жолшылар ауылы болатын. Ойнасақ та, темiр жол маңында ойнайтынбыз. Депоға барып, вагонға шығамыз. Стансада пойыздарды «күтiп алып», «шығарып саламыз». Бiз көрiп жүрген адамдардың бәрi темiр жолда жұмыс iстейтiн. Сондықтан, бiздiң темiр жолшы болмауымыз мүмкiн емес едi, – дейдi Болат Мұсақажыұлы күлiп. – Әкем Мұсақажы Оспанов – аты аңызға айналған Түрксiб темiр жол желiсiнiң құрылысына қатысқан бiлiктi маман, бiздi тәрбиелеп, өмiр сүруге үйреткен данагөй кiсi едi. Ол кiсi көшпелi өмiрден өзiне таныс емес салаға жүрексiнбей қадам басып, қазiргi Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз локомотив депосының iргетасын қалаған адамдардың бiрi. Ол заманда депо слесарi болу деген зор құрмет болатын. Қазiр ғой, бұл орта кәсiп мамандығы болып отыр. Дегенмен, сол кезде қазақ мамандары некен-саяқ болса да, бiрiншi кезекте өз iстерiне зор жауапкершiлiкпен қараған. Отарба олар үшiн ғарыш кемесi сияқты едi. Оны жүргiзу, елiмiздiң шалғай аймақтарына жол тарту үлкен еңбек те, үлкен қуаныш та болатын. Темiржолшы кәсiбiн әкем бастаған кезден бастап санасам, отбасылық әулетiмiздiң темiр жолдағы жалпы еңбек өтiлi 100 жылға жуықтайды екен. Ол кiсiге сонау кеңестiк заманның өзiнде көп жылғы қажырлы еңбегi үшiн Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерi берiлдi. Сондай-ақ «КСРО-ның құрметтi темiржолшысы» атағын алғашқылардың бiрi болып иемдендi. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, менiң өзiм алғаш рет Аягөз локомотив депосына жұмысқа кiрдiм. Одан соң Алматыдағы темiр жол институтын үздiк бiтiрiп, 15 жылдан астам уақыт тепловоз жүргiзушiсi болдым. Бiраз жыл локомотив бөлiмi бастығының орынбасары, кейiн бөлiм бастығы қызметiн атқардым. Семей, Шар қалаларында локомотив деполарын басқардым. Ал 2001 жылдан бастап «Локомотив» акционерлiк қоғамының филиалы – Алматы пайдалану локомотив депосының директоры қызметiне келдiм. Содан берi осы жерде жемiстi еңбек етiп келемiн. Құдайға шүкiр, ұзақ жылғы еңбегiм елеусiз қалған жоқ, осыдан бiраз жыл бұрын «Қазақстанның құрметтi темiржолшысы» атандым. Сондай-ақ, тәуелсiз елiмiздiң «Құрмет» орденiмен марапатталдым. Айтыңызшы, қарапайым еңбек адамы үшiн бұдан асқан бақыт бар ма?!

«АЛМАТЫ ПАЙДАЛАНУ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫ» – ҚАЗАҚ ТЕМIР ЖОЛЫНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

Темiр жол десек, көз алдымызға екi иығынан демалып, жүздеген жүк тиелеген вагондар мен цистерналарды сүйреген еңбеккер құмырсқалар тәрiздi локомотивтер, жолаушылары жайлы вагондарын уақытша ұя еткен тепловоздар және солардың үздiксiз қызметi үшiн қыста аязда, жазғы аптапта рельс бойында жүретiн адамдар – темiржолшылар келедi. Темiржолшы мамандығы – ерлiк пен үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн кәсiп.

Ел мен елдi, қала мен қаланы байланыстырып отырған жол қатынасының ел экономикасы үшiн маңызы зор. Ал, осы қатынастың басым бөлiгiн қамтып, ауыр жүгiн арқалап отырған темiр жол саласы. Жалпы, бiр сөзбен айтқанда, темiр жолдың дүрсiлi – ел экономикасының жүрек қағысын бiлдiредi.

Бүгiнгi заман талабына сай, Қазақстанның ең iрi қаласында орналасқан, үлкен деполардың бiрi болып саналатын «Алматы пайдалану локомотив депосы» өзiнiң тарихын сонау 1930 жылдан бастайды. Бұл депоны қазақ темiр жолының күре тамыры деуге болады. Бiз халықтық-шаруашылық жүктер мен жолаушылар тасымалын қамтамасыз етемiз.

Қазiргi уақытта Алматы пайдалану локомотив депосында мыңға жуық жұмысшы бар. Олардың көбi машинист және оның көмекшiсi болып табылады. Олардың барлығы дерлiк жолаушылар мен жүктердi темiр жол арқылы тасымалдауға үлкен үлес қосып, осы жолда аянбай тер төгуде. Жұмысымыз күн, түн демей үздiксiз жүрiп жатқаннан кейiн жұмысшыға қояр ең басты талабымыз – бiлiктiлiк пен жауапкершiлiк. Жалпы айтқанда, ұжымдасып еңбек етуде алдыңғы қатардан көрiнiп келемiз.

ҚР Тәуелсiздiгiнiң 21 жылдығына көптеген жұмыс iстелiндi. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев халыққа жолдаған Жолдауында елiмiздегi өндiрiстiк-инновациялық дамуды жоғарылату керек деген. Сол үшiн де бiз қолымыздан келгенше күш-жiгерiмiздi аямай жұмыс жасаудамыз. Өзiмiздiң депоға масштабты түрде қарайтын болсақ, бiздiң ұжым бес ғасырлық модернизациялық локомотив – «Еvolution» – ТЭ – 33А сериясымен жұмыс iстеп келедi. Мұны Американың атақты «Дженерал Электрик» компаниясы шығарған. Осыдан шамалы уақыт бұрын Астана қаласында тұңғыш қазақстандық зауытта осынау америкалық тепловоз құрастырылып, алғашқысы конвейерден шықты. Бұл тепловоздың кеңестiк отарбадан артықшылығы, мұнда машинистiң жұмыс жасауына барлық қажеттi жағдайлар қарастырылған. Мысалы, мұнда қыста машинистiң кабинасын жылытуға, ал жаздың аптап ыстығында салқындатуға мүмкiндiк беретiн «климат-бақылау» жүйесi жұмыс iстейдi. Бұған қоса, жаңа тепловоздың жылдамдығы да әлдеқайда жоғары. Осы жаңа тепловозды бiздiң ұлттық кадрларымыз небәрi екi аптаға жетер-жетпес уақытта терең меңгерiп алды. Мұның өзi – бiздiң инженер және машинист кадрларымыздың бiлiмдi һәм бiлiктi екендiгiнiң дәлелi. Тағы бiр жаңалығымыз, өздерiңiзге белгiлi, бiздiң депода жаңа технологияны меңгеру, атап айтқанда, «Тұлпар» пойызын тасып жүрген Қытайда жасап шығарылған «KZ4А» электровозы жұмыс iстеп жүргенiн бiз үлкен мақтанышпен айтамыз. Бұл жаңа электровоз бен тепловозды бiздiң локомотив бригадалары толық меңгерiп, үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Бiздегi инструктор-машинистер Америка мен Қытайда тәжiрибеден өтедi. Айтпағым, Тәуелсiздiктiң арқасында жетiстiкке жетiп, өсiп-өркендеп келемiз.

ЖАС МАМАНДАР ТУРАЛЫ

– Бiз бiрнеше оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасап келемiз. Нақтырақ айтқанда, Алматы пайдалану локомотив депосы осындағы Қазақ Көлiк және коммуникация академиясымен және Алматы Көлiк және коммуникация колледжiмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Жетiген – Харгос бағытында қатынайтын темiр жолдың құрылысы басталғанын бiлесiз. Сол темiр жол қатынайтын Алматы облысының бiрнеше ауылдарында бiздiң айналма деполар жұмыс жасайтын болады. Қазiр Алматы Көлiк және коммуникация колледжiмен келiсiм- шартқа отырып, бiрқатар маманды болашақта сол жақта еңбек ету үшiн даярлау үстiндемiз. Себебi, бiлiмi толысқан бiлiктi маман қай жерде болса да өз жемiсiн бередi.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСIМIН

– Кез-келген мемлекетте ұлтаралық татулықсыз тұрақтылық болмайтынын уақыт көрсетiп отыр. Тiптi, халықаралық қауымдастықтың өзi ЕҚЫҰ секiлдi белдi ұйымның төрағалығына өтiнiшiмiздi қарағанда да, елiмiздiң ең басты байлығы – ұлтаралық және дiнаралық сыйластыққа баса мән бергенi анық. Өйткенi, Тәуелсiздiк туын алғаш көтергенде елiмiз қоғамда ешқандай ұлтаралық iрiткiге жол бермей, татулық пен парасаттылық танытып, ынтымақ пен бiрлiгiн дүниеге паш еттi. Экономикасын өрге сүйредi. Елiмiздiң посткеңестiк республикалардың iшiнде ғана емес, тұтастай Азиядан, мұсылман мемлекеттерiнен бiрiншi болып ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы да сол жетiстiктердiң әлем тарапынан мойындалуын көрсетiп отыр. Мәселен, бiздiң ұжымда мыңнан астам жұмысшы бар. Оның iшiнде өзге ұлт өкiлдерi де жұмыс iстейдi. Ұжым iшiнде осы күнге дейiн ұлтаралық жанжал, не болмаса өзара келiспеушiлiк болған емес. Әлбетте, Құдай көп көрмесiн, елiмiз ұлттық қатынастарды қалыптастыру бойынша көшiлгерi келедi.

ҚЫСҚА-НҰСҚА

– Адамның бойындағы қандай қасиеттердi бағалайсыз?

– Эзоп айтқандай, «Еңбек ете бiлудiң өзi – байлық» деген. Мен тек басшы ретiнде ғана емес, жалпы адам ретiнде шыншылдық пен еңбекқорлық қасиеттердi жоғары бағалаймын.

– Егер де мүмкiндiгiңiз болса, өмiрiңiзге қандай өзгерiс енгiзер едiңiз?

– Құдай көп көрмесiн, мен бақытты жанмын. «Менiң жолым болды» деп айта аламын. Мамандық таңдауда, жар таңдауда жолым болғандай… Өз саламды жақсы көремiн. Аллаға шүкiр, барлығына қанағат деймiн. Өмiрiме өзгерiс енгiзудiң еш қажетi жоқ деп ойлаймын.

– Қандай арманыңыз бар?

– Менiң осы салада жұмыс iстеп жүргенiме 40 жылдың шамасы болып қалыпты. Менiңше, әркiм өз қызметiн сүюi керек. Бiздiң жұмыс оңай емес. Темiр жолдың тәртiбi – темiрдей! Қазақстан үшiн, темiр жол үшiн әлi де көптеген жұмыс жасағым келедi.

– Сүйiктi iсiңiз?

– Менiң өмiрiм тiкелей темiр жолмен байланысты. Бiрақ, қолым босай қалғанда отбасымның қасында болсам деймiн.

– Қандай тағамды жақсы көресiз?

– Негiзi, тағам талғайтын әдетiм жоқ. Десек те, кеспе көженi жақсы көрем.

– Қандай сусындарды iшесiз?

– Көк шай, кымыз.

– Көлiк жүргiзесiз бе?

– Көлiк түгiлi, отарбаны (тепловоз) жүргiземiн.

– Сүйiктi жазушыңыз бар ма?

– Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбаев.

– Жақсы көретiн актерiңiз бен сүйiктi киноңыз бар ма?

– Әмина Өмiрзақованы мықты актрисалардың бiрi деп бiлемiн. Және сол апамыз ойнайтын «Жер ана» фильмi жаныма жақын.

– Әншiлерден кiмдi тыңдайсыз?

– Әлбетте, Бибiгүл Төлегенова.

ДЕПУТАТТЫҢ ЖИI АЙТАТЫН ӘЗIЛI:

Пойызда. Жолаушы:

– Әй, жолсерiк, менi Қарағайлыда оят дегенiм қайда?!

Жолсерiк:

– Ойбууу!

Әрең оятып, көтерiп түсiрiп жiбергенiм жаныңыздағы жолдасыңыз болды-ау, ә?! – дейтiн көрiнедi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *