ТЕЛЕАРНАНЫҢ КӨРЕРМЕНГЕ ҰСЫНАРЫ КӨП

«Алматы» телеарнасы көпшіліктің қалауын ескеріп, халықтың көңілінен шығатын бояуы сан түрлі бағдарламалар ұсынудан жалыққан емес.
«Қаруы – қалам, көзі – камера, сөзі – мерген» телеарна журналистері көрерменге тағы да біраз тың жобаларын ұсынып отыр.
Жаңа жобалардың бірі «Таңғы студио!» деп аталады. Бағдарлама ең алдымен қазіргі таңдағы қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелер қозғалып, әлемде, елімізде, қаламызда болып жатқан жағымды жаңалықтарға басымдық береді. Жобаның мазмұндық құрылымы бай, ауқымы кең.Отбасы, баспана, бала тәрбиесі, мансап, қызмет, қоғамдық өмір секілді тақырыптарда ой қозғалып, жүргізушілер кез-келген жанды ойландыратын сауалдарға жауап іздейді. Көрерменге пайдалы ақпараттар бере отырып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ұмтылады. Бағдарламаның екінші бөлігінде тақырыпқа байланысты салиқалы ой, салмақты пікір айтатын танымал тұлғалар қонаққа келеді.
Әр бағдарламада көрермендермен кері байланыс орнату үшін қызықты ойындар ойнатуды да ұмытқан жоқ. Қойылған сауалдарға дұрыс жауап беріп, белсенділік танытқан көрермендерге жоба авторлары сыйлық ұсынуды да ұмытқан жоқ.
Алып шаһардың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын, жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтін көрермен жан-жақты тақырыптарды қамтыған мұндай бағдарламадан жақсы әсер алатыны сөзсіз.
Ақпараттық-танымдық, сазды бағдарламаны көрермен аптаның дүйсенбісі мен жұма күндері аралығында тамашалай алады.
Айта кетейік, жаңа жоба дүйсенбіден бастап көрермен назарына ұсынылады.