ТЕКТІЛІК ТӘМСІЛІ

Қаншалықты қатар жүрсек те, қызметтес болсақ та, азаматтардың адамгершілік қасиеттерін, жақсы істерін соншалықты білеміз деп айту оңай емес. Ол кісілердің сыр-сипатын білу үшін көбіне бір ұжымда ұзақ уақыт бірге жұмыс істеу керек. Сонда ғана азаматтардың өзіне лайық бағасын беруге болады.

Жеткерген Шайхиев – Қазалы ауданында туып-өсіп (Қызылорда облысы), тәрбие көрген азамат. Еңбек жолын қарапайым механизатордан бастап, басшылық қызметке дейін көтерілген азаматтардың бірі.

…Шайқслам екі ағайынды болған кісі­лер. Осы әулеттің үлкені болғандықтан, оған бүкіл тұрмыстық жауапкершілік жүгі артыл­ған еді.  Соны жете түсіне білген Шайқслам жастайы­нан қол еңбегімен күнкөріс қамына кірісті. Ағайындары оның атын қысқартып Шайхы деп атайтын. Ол өткен ғасырдың қиын қыстау кезеңінде өмір сүріп, колхоздастыру қозғалы­сының алдында түрлі артельдерде жұмыс істеді. Колхоз шаруашылығы ұйымдасқаннан кейін ағаш ұсталығын меңгеріп, әр түрлі жұмыстар атқарды. Колхоз жалақы емес, еңбек күніне лайық жүгері, бидай дәндерін беретін. Жұбайы Базар екеуі өсіп келе жатқан екі ұлына жақсы тәрбие бере оты­рып, қатарынан қалдырмауға көп күш жұмсады. Көп ұзамай кенеттен Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Көздің қарашы­ғындай болған екі ұлын бірінен кейін бірін соғысқа алып кетті. Жасы ұлғайған шағын­да бұл жағдай Шайхы ағаға қиын соққы болды. Қос ұлынан айырылған бұл кісілер көздерінен жас сорғалап, төсектерінен тұрмай қалған кездер көп болды. Өзіне тетелес інісі Дінислам және ағайындардың үлкендері келіп, бұларға жұбату сөздерін айтып, көңілдерін көтеруге тырысатын. Екі ұлы сол кеткеннен оралмады.

Арада жыл өткен шамада жұбайы Базар күйеуі Шайхыға қуанышты хабар жет­кізді. Төсекте теріс қарап жатқан Шакен орынан ұшып тұрып, қуаныштан бөлмені қалай кезіп кеткенін білмей де қалды.

Айы-күні жетіп Базар Шайхы әулетіне ұл әкелді. №16 ауылдың ағайындары жиналып баланың атын Жеткерген қойды. Шайхының жалғыз ұлы Жеткерген мектеп табалдырығын аттап, сабаққа барғанда, әкесі мен анасы екеуі екі қолынан ұстап апарып, алып қайтатын. Амал қанша, Базар баласының қызығын көре алмай өмірден ерте озып кетті.

Тағдыр жазған қиындықты Шайхы ақсақал көтере білді. Кейін інісі Дінислам да өмірден озып, екі үйдің тұрмыс-тіршілігі Шайхының мойнына артылды. Жалғыз ұлының тілеуін тілеген Шайхы ағаш ұста­лы­ғымен қатар, киім тігуді кәсіп етті. Бұрынғы қолмен тігілетін маши­­наны мең­геріп, бүкіл Аманкелді ауылы­ның тапсы­рысын орындап, алғысына ие болды. Шайе­кен тіккен киімінің ақысын сау­даға салмайтын, не берсе соған разы болатын. Осындай халықтан алған алғыстың шара­паты тигені болар, жалғыз ұлы Жеткерген ат жалын тартқан азамат болып ержетті.

Жеткерген оныншы класты бітіргеннен кейін атақонысы Көларыққа қоныс тепкен совхозға барып механизатор болып орна­ласады. Жер жыртып, күріш өндірісімен айна­лысады. Сөйтіп жүріп Қазалы ауылша­руашылығы техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығын алады.

Алматыдағы Ташкент теміржол-транспорт инженерлері институтының филиалына оқуға түсіп, азаматтық құрылыс мамандығын алады. Аудандық партия комитеті шақырып оған орталықтағы коммуналдық шаруашылық бөлі­мінің басшылығына келуге ұсыныс жасай­ды. Көп салалы шаруашылық қызметтің ауыр­лығына қарамастан Жеткер бес жыл абыройлы қызмет атқарады. Аудан орталы­ғындағы жауын жауса аяқ алып жүргісіз батпақ көше­лерге құм аралас қиыршақ тастар төккізіп, кент тұрғындарының алғысына бөле­неді. Ком­муналдық тұрғын үйлерді жөндеуден өткізіп, су жүретін арықтар тазаланып, қалып­қа келті­ріледі. Осындай жақсы жақтарымен беделді басшы Жеткерген өзінің негізгі маман­дығы бойынша Ақтөбедегі темір жол торабы­на қарасты құрылыс бірлестігіне шақырылып, оған Қандыағаш станциясындағы темір-бетон зауыты директорлығына ұсыныс жасалады. 37 жастағы Жеткерген зауыттың директорлық қыз­метіне жоғарылайды. Ол барған кезде за­уыт жұмысы тұралап, жұмыс­шылар жалақы­сын уақытылы ала алмай тұрған кез еді. Жеткерген зауыттың инженер маман­дарымен ортақ тіл табыса отырып, ең алдымен, еңбек тәртібін түзеуді қолға алады. Бұл — 1980 жыл болатын.

 

***

Жеткерген кешкі астың үстінде әкесіне келін әкелетін ойы барын жеткізеді. Шайхы ақсақал, ер адам болса да, қуаныштан жанарын бір сулап алады.

Көп ұзамай шаңыраққа келін түсті. Дәстүр-салт бойынша рәсімдері жасалып, екі құда бір-бірімен құшақтасып дос болады. Құдасы колхоздың белгілі темірден түйін түйген ұстасы және ағаштан киіз үй жасаушы Ыбырай еді. Шайхыдан 10 жас кіші болса да, той-томалақтарда, дастарқан басында ақса­қалдар Ыбырайды қолқалап төрге оздыратын. Өйткені, ол кісі Жанқожа бабаның ұрпағы еді. Сол Ыбекең өзінің ең сүйікті Салиха қызының Шайхы қарияның шаңырағына барғанына аса қуанышты екенін жасырған жоқ.

Салиха келін бүгінде Шайхы әулетінің анасы. Үлкен әжесі 5 ұл, 1 қыздан 5 келін түсіріп, қызын ұзатып, олардан 15 немере, шөбере көріп отырған ұлағатты ата мен әже. Салиха 33 жыл акушерлік қызмет атқарған, талай жанның алғысын алған абыройлы да көшелі кісі.

…Қазалыдан Қандыағашқа қызмет ауыс­тыруға келісімін берген Жеткерген әкесіне келіп айтқан кезде, Шайхы ақсақал үндеместен ұзақ отырады.

– Әке, сіз қаламасаңыз, мен Ақтөбеге қайта барып, бұл қызметтен бас тартамын, – дейді Жеткер.

– Жоқ, айналайын, сенің жолыңа кедергі болмаймын. Тартынба. Қызметіңе бар, жолың болсын. Тек ойланатыным, жасым ұлғайғанда мына туған топырағымды, ағайын-жұртымды тастап кетіп бара жатқанымды көңіліме алғаным ғой.

– Әке көңіліңді түсіріп қажи берме. Әкеліп тұрамын. Ініңнің балаларының үйіне айлап жатасың, – деп ұлы әкесін құшақтады.

Сөйтіп, Қандыағаш еліне барып үш жылдай қызмет атқарды.

 

***

Қараша айының басы, күн салқындау. Жетінші карашада Ақтау қаласынан көп жер қашықта тұратын Жаңаөзенге баруға жол түсіп, ұшаққа Қызылордадан билет іздедік. 4 адам едік. Бұл осыдан 36 жыл бұрынғы оқиға еді. Ұшақтарға керосин майы болмағандықтан ұшпай қалған уақыт. Амалсыздан Атырау арқылы пойызға отыруға тура келді. Пойызға тір­келген вагон  Қандағаш станциясында ағытылып, 10 сағат тұрып, Атырауға қарай жүретін пойызға тіркеледі екен. Қандыағашқа таңертең сағат бестен өте жеттік. Вагонда жолаушы көп, біз төртеуміз, бір купедеміз. Вагон вокзалдан едәуір қашық тұйық жолға қойылған. Біраз отырғаннан кейін қалтамдағы блокнотты ашып отырсам, Жеткергеннің үй телефоны жазылып тұр екен. Қазалыға келген бір сапарында кабинетіме келіп сәлемдескенде, осы телефонын беріп кеткен болатын. Уақыт әлі бар болғандықтан, телефон соғайын деп вокзал ішіне кірдім. Сағат таңғы алты. Телефон нөмірін теріп едім, тұтқаны өзі көтерді. Атым­ды айтқаннан «сол жерден кетіп қалмаңыз, тұрыңыз» деп өтініп, лезде «Жигули» көлігімен жетіп келді. Жағдайды сұрасып, сәлемдесіп болған соң, вагонда отырған аға-жеңгемізді жүгімен үйге алып кетті.

Барсақ, Шайхы ақсақал құманы қолында, шарбақ ішінде жүр екен. Сәлем бердік. Қазалыдан келдім дегенде білегімнен ұстап тұрып «ел, халық аман ба, жағдайлары қалай» деп ауылға деген сағынышын жасыра алмай қайта-қайта сұраумен болды. Салиха да таңнан қазан көтеріп, бәйек болып шапқылап жүр.

Ортамызда отырған ағамыз Ақтөбеге телефон шалды. Біреулермен сөйлесіп болған­нан кейін үйдің телефон нөмірін беріп жатты. Сәлден соң телефон қайта шырылдады. Содан кейін ол кісі сағат он екіге таяу Көкшетаудан бір ұшақ келе жатқандығын, соған мүмкін болғанша төрт адамға билет алатындығын жеткізді. Билет те алынды.

Бұл қазақтың қонақжай пейіліне әлемде еш халық теңесе алмас, сірә. Қазандағы асылып жатқан ет кәстрөлге басымен қоса салынып, машинаға тиелді. Біз айтқан уақытта Ақтөбе әуежайына жеттік. Жүктерімізді түсіріп, шопырға рақметімізі айтып, қайта бер дегенде:

– Ағай, бастығым бұл кісілерді ұшаққа отырып көтерілгенше қайтпайсың деген. Сіздер ұшаққа отырғаннан кейін жылжимын ғой, – деді.

Ұшақ екі сағат кешігіп келді. Ал шопыр жігіт те үйіне қарай сол кезде ғана қозғалды. Азамат-ай!

Сол жылдың аяғындаЖеткерген әкесінің сөзін тастамай, Қандыағаштағы директорлық қызметінен өз еркімен шығып, елге оралды. Келгеннен кейін НГЧ-да бас инженер қызметін атқарып жүріп, Қазалы қаласындағы №42 ПМК-ның басшылығына жоғарылады. 1987 жылы Байқоңыр қаласына қызметке шақы­рылады. Әскери қала болғандықтан арнайы рұқсат қағаздармен кіріп-шығатын осындағы әскери заводтың бір цехына бастық болады. Техникалық білімі бар Жеткер мұнда да жақсы ісімен көріне білді. Қарауындағы инженер-техник қызметкерлерімен тіл табысып, тапсы­рысты дер кезінде орындап жарыс жүлдегері атанады. Әр тоқсан сайын және жарты жылдың қорытындысы бойынша марапатта­лып, сый-сиапатқа ие болған цех басшысы осы Жеткер болатын. Алты жылдай қызмет етіп, 1993 жылы Алматыға қоныс аударады. Сөйтіп, ол Шамалған ауылында кәсіптік құрылыс мектебінде мұғалім, кейін директордың орын­басары қызметін атқарды. Сол мектепте он үш жылдай еңбек атқарып, зейнетке шықты.

Балаларының бәрі жоғары білімді маман иелері. Әрқайсының бүгінгі заманның ыңға­йына қарай өз кәсіптері бар. Солардың орта­сында Жеткер мен Салиха жас кезінде көрген азын-аулақ бейнеттерінен арылып, бүгінгі күннің жақсы зейнетін көріп отырған жара­сымды жұп.

Әкесі Шайхы 96 жасында өмірден озса, келіні Салиханың әкесі Ыбырай бір жылдан кейін 87 жасқа қарағанда қайтыс болады. Екі құданың бір-біріне деген сыйластығын ауыл адамдары бүгінге дейін жыр ғып, ауыздарынан тастамай айтып келеді. Шайхының інісі Дін­исламның балалары, Әбуша күріштен өсіруден рекордтық өнім алып Социлистік Еңбек Ері атағын алса, ағасы Жаһанша «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған еді. Амал не, осындай азаматтар өмірден ерте озып кетті.

Ата-анаға құрмет көрсете білген Сали­хадай келіннің ел алдындағы абыройын қолын­дағы келіндері де үлгі тұтып, игі жақсылығын жалғастыратынына еш күмән жоқ.

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ,

         журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close