Өтейбойдақтың еңбегі ескерусіз келеді
Кезінде әз Жәнібек ханның өзі арнайы жаздыртқан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін бүгінде Қытайдың Алтай өңіріндегі қазақтар зерттеп, зерделеп, 18 еңбек жазған. Ал елімізде бұл бағалы еңбек ескерусіз қалуда.
Бұл туралы өткен аптада Талғар медициналық колледжінде қазақ халық медицинасының негізін салушы ғалым, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі «Шипагерлік баян» қай деңгейде зерттелді?» атты ғылыми конференциясында ғалымдар айтты. Конференцияға академик-дәрігер Зиядан Қожалымов, математик Шаяхмет Қалиұлы, дәрігер Еркінбек Нұрақын, тарихшы, мәдениеттанушы Ертай Жомарт сынды «Шипагерлік баянды» зерттеп жүрген ғалымдар қатысып, соны деректермен бөлісті.
– Біз студент болған 80-жылдары медицина тарихы пәнінен «Қазақ медицинасы XVІІІ ғасырда басталды, оған дейін қазақ емдеу ісінен мақұрым болды» деп оқытқан. Сөйтсек, қазақ медицинасының негізі сонау XІV ғасырда-ақ қаланған екен, – деп сөз бастады осы конференцияны ұйымдастырушы ғалым, Талғар мемлекеттік колледжінің директоры Бағжан Құдабаев: –1388—1478 жылдар аралығында ғұмыр кешкен бабамыздың бір ғана шешекке қарсы вакцинасының өзі қандай ұлы жаңалық?! Тананың шап терісін тіліп, оған шешек жұқтырған баланың шешек суын жағады. Сонда әлгі жер қабынып, томпайып ісінеді. Соны ши тәрізді түтікпен сорғызып алып, ауру баланың білегін дөңгелектеп инемен сызып, жаңағы алынған сұйықтықты жағу арқылы шешекті емдеген, – деді.
Бар өмірін халықты емдеуге арнап, өмірден бойдақ өткен шипагер жайлы Зиядан Қожалымов: «Өтейбойдақ – қазақтың Ибн Синасы, «Шипагерлік баян» – медициналық энциклопедия» деп бағалады. «Бұл еңбекті әз-Жәнібек ханның өзі арнайы жаздыртқан. 1466—1474 жылдары ханның ақордасында жазылған еңбектің көлемі 1500 беттен асқан. Оны кейін 1969 жылы Қытай мемлекетінің мәдени революция ұйымы өртеп, 1000 беттен астамы ғана қалған. Ғұлама еңбегі: қанықталғы, нарықталғы, дарымдалғы деген үш бөлімнен құралған. Ол өзінің жеке зертханасында 1108 түрлі дәрі-дәрмек жасаған. Оларды жасау үшін 858 түрлі дәрілік өсімдік, 318 түрлі жан-жануардың түрлі мүшелері және 60-тан аса металл, металиттің қоспасын пайдаланған. Еңбегінде 4500 дәрінің атын қолдануы арқылы сол заманда қазақ даласында фармакология ғылымының дамығанын дәлелдейді. Бұл 13 000 дәрілік рецепт екен», – деді дәрігер З.Қожалымов.
Өтейбойдақтанушы Шаяхмет Қалиұлының айтуынша, әйгілі ғалым «Шипагерлік баянын» 80—85 жасқа қараған шағында жазған. Бар ғұмырын халықты емдеуге арнап, қазақ даласын, мәдениеті мен әдебиеті, медицинасын меңгере отырып, бұл еңбекті жазуға үлкен тәжірибемен келген.
– Адамда сыртқы он екі мүше, ішкі құпия он екі мүше бар. Соның ішінде тілге ерекше тоқталады: «Ерлердің тілінің оң жағы ыстық сипатты, сол жағы суық сипатты болады. Әйел адамдарда бұл керісінше. Тіл: өзектік тіл, өңездік тіл болып екіге бөлінеді. Өзектік тіл – тілдің тұлғасы, ал өңездік тіл – тілдің бетіндегі бір қабат жұқанасы. Адам денесіндегі мүшелер арасында бір-бірімен тіл алмасады. Тіл алмасу қан арқылы болуы мүмкін дейді. Бұл бүгінде біз айтып жүрген жүйке жүйесі. Ағзамыздың бір жері ауырса, басқа ағза соған қосылып қайғырады, соған қасіреттенеді, абыржиды. Соның бәрі өңездік тілде көрініс табады. Тіл арқылы біз ойымызды жеткізсек, ағзамыз өзінің жайын жеткізеді. Тілдің бір жағы 19 түрлі, екінші жағы 19 түрлі сигнал береді дейді, яғни тілге қарап тұрып 38 түрлі ауруға диагноз қоюға болады. Тілдің алды, арты, жан-жағы, түсінің өзгерісі аурудың алғашқы кезінде белгі береді. Кітаптың тура сол жеріне келгенде тіл белгіні қалай береді, қай ауруды қалай анықтайды деген сауалдардың жауабы жазылған 21 бет жоғалып кеткен.
Өтейбойдақ емшіге қатысты бүгінге жеткен деректердің бірінде атақты Жиренше шешен қатты ауырып, жатып қапты дейді. Әрі өзінің кеңесшісі, әрі айтулы шешенінің дертіне шипа табар деп әз-Жәнібек емші, бақсы біткеннің бәрін шақыртады. Өтейбойдақтың емінен кейін аяғынан тік тұрған шешенін көріп, риза болған хан одан:
– Қандай ауруды емдеу қиын? – деп сұрапты.
– Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.
– Оның алдын алудың жолы бар ма? – деген сауалға:
– Жеті атаға толмаған туыс адамдар құдандалы болмасын, – депті шешен.
Шипагердің жөн сөзінен соң хан «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін» деген жарлыққа қол қойыпты. Қан тазалығы, жеті ата деген ұғымға түркі халықтарының ішінде тек қазақ халқының ерекше көңіл бөлуінің төркіні осында жатса керек.
«Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының заң жарғыларына қосқан үлесі бір бұл емес» дейді ғалымдар. «Шипагерлік баянды» зерттеушілер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тек медицина ғана емес, мәдениет, тарих, психология, этнография, әскери ғылым, этика, эстетика, фармакология, анатомия, физиология, астрономия, математика, әдебиет, т.б. ғылым саласына да қосқан үлесі мол екенін айтады. Бүгінгі таңда Қытайдың Алтай өңіріндегі қазақтар «Шипагерлік баянды» зерттеп, зерделеп, 18 кітап жазыпты, ал елімізде бұл саланы зерттеу, зерделеу кем болып тұр дейді.
Жиын соңында ғалымдар Талғар мемлекеттік медициналық колледжінде «Өтейбойдақ» ұйымын құрып, оны жүргізуді Бағжан Құдабайұлына табыстады. Сондай-ақ, колледжде жыл сайын студенттер арасында ғылыми конференциядан жарыс өткізу қолға алынды.
Кәмшат Әбілқызы.