Тегін мүмкіндік

Тегін мүмкіндік
almaty-akshamy.kz

Еліміздегі атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін қарастырылған мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ішінде телевизиялық абоненттік жалғамаларды тегін орнату да бар.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің цифрлық эфирлік телевизияға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі бұйрығына сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Алматы қаласында цифрлық эфирлік телевизияға көшу жүзеге асырылып келеді.

Сандық теледидар жоғары сапалы кескін мен дыбысты алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, телеарналар мен бағдарламалардың үлкен таңдауын ұсынады. Ескі үлгідегі сигнал сыртқы әсерлерге өте осал. Мысалы, ауа райының қолайсыздығына байланысты және қатты желде жоғалып кетуі мүмкін. Сандық хабар тарату жоғары қорғаныс деңгейіне және сигнал сапасына ие, ол ұзақ қашықта қабылданады. Енді аналогтық хабар тарату принцип бойынша жұмыс істейді: бір таратқыш – бір арна. Сандық бір таратқышта көптеген арнаны таратуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен (ҚР Үкіметінің 8.11.2016 жылғы    № 677 қаулысы) қамтамасыз ету қағидалары бекітілді. Оған сәйкес, АӘК алушылар өтеусіз негізде телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етіледі, яғни оларға тегін жеткізіліп, орнатып беріледі.

2017–2022 жылдар аралығында Алматы қаласында АӘК алушы 864 отбасы осындай тегін жалғамалармен қамтамасыз етілді. Ал биыл АӘК алушыларды 50 жалғамамен қамтамасыз ету жоспарланған.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы жеке  тұлғалар  осындай тегін мүмкіндікке ие болу үшін тұрғылықты тұратын жері бойынша Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аудандық бөлімдеріне өтініш беріп, оның АӘК алушы екендігі туралы анықтамасын қоса ұсынуы қажет.

Мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті жіберіп алмаңыз, ағайын!