«Театр – жан-дүниені тазартатын рухани мекен»

Наурыз мейрамы мен 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай театрдың қазіргі жағдайын білу мақсатында Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының баспасөз қызметінің жетекшісі Индира СӘТБАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Театр ұжымы 75 жылдық мерей­тойды қалай өткізді, жалпы пандемияда театр қалай жұмыс жасады?

– Мәдени мекемелер карантинге жабылған кезде театрымыз әлеуметтік желілерде, өзінің ресми сайтында, ресми парақшаларында белсенді болды. Дайын­дықты ZOOM арқылы жалғастыра жүріп, біз оған қосымша дыбыстық және бейне­роликтер түсіру жұмысын тұрақты түрде жүргіздік, яғни ертегілер, түрлі класси­калық шығармалардан үзінділер, өлеңдер оқып, әртүрлі мейрамдарға орай әндер айтып, оларды дыбысқа және бейнетаспаға түсіріп отырдық. Сонымен қатар, театры­мыздың жанында «Sats ComUnity» деп аталатын балалар театр студиясы бар. Оған біз ең дарынды деген балаларды қабыл­дадық, балалармен театрымыздың педагог-әртістері тегін жұмыс жасайды.

Карантин кезінде театр мұғалімдері балалармен бейнебайланыс арқылы жұмыс істеп, кішкентай әртістеріміздің қойы­лымдары да әлеуметтік желілерге шықты. Ол әлі де жалғасын табуда. Бейне­роликтерді «Sats ComUnity» театр студиясының фейсбук пен инстаграмдағы ресми парақшаларынан көруге болады. Бұдан бөлек, пандемия басталған сәттен-ақ театрымыздың барлық цехтары бетпер­де тіге бастаған болатын. Олар тіккен 20 мыңнан астам бетперде мұқтаж жандарға: балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, балаларға арналған медициналық меке­мелерге, полиция қызметкерлеріне, Ұлт­тық гвардия жауынгерлеріне үлес­тірілді және өзге мұқтаж адамдарға тарату үшін мешіттер мен православиелік ғибадат­ханаға да берілді.

Жаздың аяғында жаңа театр маусы­мына дайындалу, премьераларды қою жұмысы қарқынды түрде басталды. Театр маусымын бастауға рұқсат берілуін тағат­сыз күттік. Қуанышқа орай, қазан айында бізге рұқсат беріліп, театрымыз көрер­мен­дер­ге төрт спектакльдің премьерасын бірі­нен соң бірін тарту етті. Олардың бірі – «Қар барысының басынан кешкендері» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы эко­ло­гиялық спектакль. Бұл пьесаны біздің театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Дубо­вик жазған. Сахналаған жас та болса, көп­шілік көрерменге танымал қазақстандық режиссер Еслям Нұртазин. Ал режиссер Галина Ефимова болса «Ars Amandi. Махаббат өнері» деп аталатын тағы бір жақсы спектакльді қойды. Бұл Күміс ға­сыр деген атаумен белгілі болған дәуір – ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің көрнекті өкілі, орыстың әйгілі ақыны Марина Цветаеваға арналған. Ақынның шығармаларына және оның замандас­тарының естеліктеріне негізделген поэ­зиялық иммерсиялық спектакль. Үшінші премьералық спектакль – Оскар Уайльдтің «Байыпты болудың маңызы» комедиясы, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, театрымыздың актері әрі режиссері Игорь Ермашов қойды. Ал театрымыздың 75 жылдық мерейтойы аталып өткен күні, 7 қарашада театрымыздың актері әрі режиссері Ольга Бобрик әйгілі ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмның романы желісімен қойған «Театр» атты спектакль­дің премьерасы өткізілді.

Жалпы, театрдың мерейтойы кең кө­лемде аталып өтті. Театрымызды құттық­тап келгендердің ішінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровты атап өтуге болады. Олар театр ұжымына құттықтауларын арнады. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, «Дегдар» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы әрі театрымыздың қолдаушысы Дариға Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және тағы басқа мемлекет қайраткерлері театры­мызға құттықтауларын жолдады. Ресейден және басқа да елдерден көптеген құттық­таулар келді.

– Индира, Наурыз мейрамына орай ұжым қандай жоспар дайындады?

– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Пандемияға дейін біздің жаста­рымыз әлемнің түкпір-түкпіріне барып, шет елдердегі ең үздік университеттерде оқу, өз ісінің майталман шебері ретінде танымал әйгілі кәсіпқойлардың шеберлік сағаттарына қатысып, жетілу мүмкіндігіне ие болды. Ал жалпы, наурыздың 13-інен бастап Алматы қаласының театрлары уақытша жабылатынына байланысты Наурыз мейрамы күндері барлық іс-шара­лар онлайн өткізілетін болды. Бірақ театр ғимараттарының есіктері жабылып, спектакльдерді өткізуге рұқсат берілмесе де, біздің театр әртістері өз көрермендер үшін айқара ашық. Себебі, көрерменмен әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда кездесеміз. Әртістер кішкентай көрермен­дерімізге күнделікті қазақ, орыс және әлемнің өзге елдерінің халық ертегілерін қазақ, орыс және тіпті ағылшын тілдерінде оқып береді. Мереке күндері «Sats ComUnity» студиясының шәкірттері Наурыз, достық, Отан туралы өлеңдер оқиды. Театр – адамның жан-дүниесінің бірден-бір дауасы емес пе?! Ал театрымыздың есігі ашылғанда, біздің спектакльдерге келіңіздер, олар театрымыздың екі сахна­сында да – Тарихи және Камералық сахналарда қойылады.

– Айтпақшы, Индира, адамның жан-дүниесінің дауасы театр дегеніңізге орай, бүкіл қаламыздың көше-көше­лерінде Наталия Сац атындағы театр жас актерлерінің бейнелері ілініпті. Өмірге деген оң көзқарасты, қуанышты білдіретін суреттер тұр. Қаламыздағы бүкіл аялдамалар мен автобустардағы бе­тіне бетперде таққан келіншектің бей­несі бәріне танымал, ал сіздердің сурет­теріңіз бейнеленген, «Сен махаб­батсың», «Сен бақытсың», «Сен өмір­сің» деген ұрандар жазылған баннерлер әлеуметтік жарнаманы айтарлықтай түрлендіріп, жандандырып тұрғандай. Бұл сіздердің алғашқы жобаларыңыз ба?

– Иә, негізі, ол Алматы қаласы әкімі мен біздің аты аңызға айналған театры­мыздың әлемді індет жайлаған кезеңде адамдардың көңіл күйін көтеру үшін, өмірге, өнерге деген қызығушылығын жандандыру үшін 2020 жылғы жаздың соңында басталған жыл сайынғы бірлес­кен әлеуметтік жобасы. Ол жарнама­лар­дағы сөздердің мәні анық. Адамға ертең­нен үмітін үзбей, өмірін әрі қарай жал­ғас­тыруы үшін, үйлесімді өмір сүруі үшін жағымды эмоциялар, жанға жылы сөздер керек. Оларды театрдан табуға болады. Театрда адам баласы өзге адамның өміріндегі қилы жағдайларды көріп, онымен бірге күйініп, сүйініп, түрлі эмоцияларды сезіну арқылы жан-дүниесін тазарту мүмкіндігіне ие болады.

Қазақстанның Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театрының атынан театрымызға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Атап айтсақ, 2020 жылдың күзінде театрымыздың 75 жылдығына орай театры­мыздың алдындағы алаң мен фон­тан жаңартылды.

– Алматының театрлары жуық ара­да ашылады деген үміттеміз. Наталия Сац атындағы театрдың ұжымы осы театр маусымында көрермендерді тағы қандай премьералармен қуантады?

– Театрымыздың бас режиссері Вла­димир Крылов сәуір айының басында Оскар Уайльдтің «Кентервиль елесі» готикалық-күлкілі, қиял-ғажайып коме­диясының премьерасын қоюды жоспарлап отыр. Бұл – отбасылық спектакль. Қазір әлі репетициялар жүріп жатыр. Дегенмен, қойылымның айшық­тылығы қазірдің өзінде көрініп тұр. Мен бұл қойылым балаларға да, ересектерге де өте қызықты болады деп толық сеніммен айта аламын. Қойылым күлкілі, қызықты, қорқынышты. Театрымыздың сценографиясы, яғни костюмдері, декорациялары, реквизиттері де әдемілігімен көз тартады. Оларды нағыз кәсіпқой шеберлер жасайды. Егер сәуір айында театрлар ашылмаса, премьера­ны қою күнін әрі қарай жыл­жытуға тура келеді. «Кентервиль елесі» спектаклін көрермендеріміз жуық арада көреді деген үміттеміз.

Келесі театр маусымының басында екі премьераны қою жоспарлануда. 2021-2022 жылғы театр маусымын ашуға Кен Кизидің «Көкек ұясының үстінде» романы желісі­мен бір спектакль қоюды белгілі режиссер Галина Пьянова жоспарлап отыр. Ал Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығы күні – 16 желтоқсан­да Еслям Нұртазиннің балаларға арналған спектаклі­нің премьерасы қойылады деп күтудеміз. Еслям үшін бұл Наталия Сац атындағы театрдың сахнасындағы үшінші жобасы. Оның алғашқы қойылымы «Алдар Көсе – New version» спектаклі еді. Одан кейінгісі – «Қар барысының басынан кешкендері» қойылымы болды, ал енді қойылатын үшінші спектаклі «Нарату – Ұлы Дала мұрагері» атты инди-вестерні болмақ.

Театрға келіңіздер! Театр адамға шы­найы сезімдер мен эмоциялар сыйлап, рухани жан-дүниесін тазартады.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен

Гүлжанат СЕМБАЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *