Театр әлемі - халықтың рухани мұрасы

Театр әлемі - халықтың рухани мұрасы

Ақпан айының 23–26 жұлдызында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Премьералар апталығы» ұйымдастырылды. 4 күнге созылған шарада жас режиссерлардың шығармашылық еңбегі көптің көңілінен шығып, лайықты бағаланды.

Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бастаған қонақтар қатарында еліміздің мәдениет және өнер саласының белді өкілдері, театр басшылары, бірнеше өнер ұжымы бой көрсетті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан ықылас гүлі жолданды. Сонымен қатар, театр ұжымын сәтті премьерасының өтуіне орай Алматы қаласының әкімдігі де ықылас гүлімен құттықтады.

«Алатаудың бөктерінде, театрымыздың төрінде ұйымдастырылып жатқан іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен театр өнерінің майталмандары жиналды. Көрермен назарына ұсынылған тың дүниелердің авторы, режиссерлары, актерлары – жастар. «Болашақ – жастардың қолында» демекші, жаңа толқынға сенім білдіріп, еңбектерін бағалап жатқан жайымыз бар», – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

«Премьералар апталығының» шымылдығын ашқан «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі жоғары деңгейде өтті. «Біздің трактовкамызда бұл махаббат үштігіне, адамның ішкі құндылығына, адамның, жалпы қоғамның адам өміріне деген қарым-қатынасына құрылған. Соған байланысты осы спектаклімізді қойып отырмыз», – деді «Қан мен Тер. Ақбала» спектаклінің режиссері Әридаш Оспанбаева. Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі - Ақбаланы сомдаған актриса бұл рөлге бекітілгеніне қуанғанын, алайда іштей қобалжығанын жасырмады. «Бір қызығы, мен бұл театрда қанша рөл сомдасам, соның барлығы көбіне шетелдік шығармалар болып келеді. Ал бұл – мен сомдаған үшінші қазақ қызының образы», – деді актриса, «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина.

Апталықтың екінші күні көрермендер назарына «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасы ұсынылды. Қойылым сонау кеңес заманы орнап, қазақ-қытай шекарасы қайта шегеленген уақыттарды баяндайды. Жүрегінің бөлшегі шекараның арғы бетінде қалып қойған, сағыныштан құса болған адамдардың астаң-кестең жан-дүниесін театр ұжымы шебер жеткізе білді. «Бұл – драматургияға алғаш қадам бастырған шығарма. Бізді қолдап, жастығымызға қарамай демеу білдірген театр ұжымына алғысымызды білдіреміз», – дейді драматург Жақсылық Мұратбек.

Үлкен сахналарға лайықты екі бірдей монодрама бір кеште кіші залда көрермен қауымға ұсынылды. Жансая Бауыржанқызының «Қайдасың, мама?», А.Батырқызының «Бейтаныс-таныстар» моноспектаклі  жүректі елжіретті. Тағдыр ағыны бірде сыртқа тепсе, бірде бауырына тартады, бірде лапылдаған тозақ-жалын болып қамаласа, кейде біртоға, бұйығы сезімге айналып, тығырыққа тірейді, дыбыссыз ышқындырады. Осындай сәттерде адам баласының қасынан табылатын ана екендігін қойылым айқындай түсті. «Қойылымнан ерекше әсер алып қайттым. Арасында көзіме жас та келді. Жастардың еңбегіне тәнті болдым. Ата-анамды сағынып, ауылға кеткім келіп кетті. Сараның рөлін сомдаған Зәуре Көпжасароваға ерекше алғысымды білдіремін», – дейді  көрермен Әсел Рузибайқызы.

Екінші спектакль әйел адамның көңіл-күйінің құбылмалы тұстарын, бірде көктем, бірде күз болатынын айшықтай түседі. Сіздерді әйел атты симфонияны тыңдап, оның тағдыр құпиясын бірге ашуға шақырамыз. «Әйел адамның мұңы мен зары да өткінші жауын іспеттес, қазір төпеп құйып бергенмен, іле-шала жадырап шыға келеді. Бұл – оның бір келбеті. Тағы бір сипаты – түпсіз терең тұңғиық, сиқырлы да сырлы әлем. Ол жақтың сап-сары сазы да, қоңыр әуен бояуы да өзгеше», – дейді Бейтаныс жанның рөлін сомдаған актриса Баян Қажынәбиева.

Ерекше бір айта кететін жайт, спектакльде жалғыз актриса төрт әйелдің образын сомдайды.

Премьералар апталығы Дулат Исабековтің «Мақшар түнгі махаббат» мистикалық драмасымен аяқталды. Шығарма қазақ даласына келген қызыл төңкерілістің көшпенділерді ғасырлар бойы қалыптасқан үйреншікті даму ырғағынан жаңылдырғанын, біраз жұрттың шекара асып, атамекенін тастаса, енді біразы жаңа өкіметтің сойылын соққанын бейнеледі. Сондай-ақ, қоғамдағы мәжбүрлі өзгеріс адами құндылықтарға салқынын тигізгенін көрерменге жеткізді.