Тағы бір оқу орны жабылмақ

Тағы бір оқу орны жабылмақ
Сурет: Dreamstime

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды. 

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жүргізген қайта тексерудің нәтижелері осындай болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» институтына ұйғарым беріліп, оқу орнына барлық сәйкессіздікті жоюға уақыт берілді. Алайда, жоғары оқу орны берілген уақытты білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүргізуге емес, сот талқылауына және ҚР БҒМ комитетінің іс-әрекеттеріне шағымдануға жұмсады.

«Жоғары оқу орындарында тексеру жұмыстарын білім беру сапасы мен кадрлар даярлауды жақсарту үшін жүргізетінімізді түсіну маңызды. Бұл ретте біз жоо-ларды лицензиядан бірден айырмаймыз және оларды бірден жаппаймыз. Жоғары оқу орындарына бұзушылықтарды жоюға уақыт берілгенімен, ешқандай әрекет болған жоқ.  Осыған байланысты біз кейінірек қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін жағдай жасап, білім беру бағдарламаларының сапасын жақсартуға қол жеткізуі маңызды. Әйтпесе, жосықсыз университеттер сапалы біліммен қамтамасыз етпей, диплом беруді жалғастыратын болады. «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтына келетін болсақ, соңғы тексеру осы жылдың маусым айында жүргізілді. Бұзушылықтар жойылған жоқ. Әңгіме материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және оқу процесін ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер туралы болып отыр. Университеттегі кейбір пәндерді тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар жүргізген. Тіпті оқу процесін мерзімінен бұрын аяқтап, нәтижесінде студенттер білім беру бағдарламаларын толық игере алмаған. Қазіргі таңда институт оқу орнын лицензиядан айыру туралы қабылдаған шешімімізге наразылық білдіруге тырысып жатыр», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Осы жылдың түлектері басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады және олардың оқу нәтижелері ескеріліп, диплом беріледі.