Тазы иттердің көрмесін тамашалаған Президент Тоқаев ерекше сыйлық алды

Тазы иттердің көрмесін тамашалаған Президент Тоқаев ерекше сыйлық алды
сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурыз атты тазы күшігі сыйға берілді.

Президент тазы иттердің көрмесін тамашалады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Nomad» ұлттық саятшылық» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев тазыны сақтау, өсіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысы тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.

– «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық керек. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шара барысында асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова Президентке тазының күшігін сыйға тартты. Күшіктің аты – Наурыз, 1,5 айлық.

«Сізге сыйлық тарту еткіміз келеді. Ежелден қазақы ит тұқымы Қазақстанда өте құнды сыйлықтың бірі саналып келген еді. Өкінішке орай, соңғы жылдары оның құндылығы төмендеп бара жатыр. Сіз қабылдаған қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту жөніндегі жаңа заңды қабылдаудың арқасында мына күшік те тазы тұқымын көбейтуге септігін тигізеді деп үміттенеміз. Құжаттары бар, аты – Наурыз. Ол осыдан 1,5 ай бұрын дүниеге келді. Тұқымында жалғыз болғандықтан, осындай ат берудің нышандық мәні болды», - деді Президентке күшікті сыйға тартқан асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова.