Таза қанды тазылар қайда?

Таза қанды тазылар қайда?

Ат жүгіртіп, ит ерткен заман бөлек...

Тазының да тарихы бар

Адам баласының жануарлар арасындағы сенімді досы  ит екендігін жақсы білеміз. Тіпті, жеті қазынаның қатарына да жатқызамыз. Бұрындары кішкентай кезімде менімен ойнап, жануар болса да, көңілімді табатын «Ақтабан» деген күшігіміз болатын. Ата-анам мені итпен ойнап келгеннен кейін жуындырып әлек болатын. Сонда, «құмай тазымыз болғанда, саған алаңдамас едік, түрлі аурулармен ауырып қалмас едің ғой» деп күрсініп қоятын. Құмай тазыны асырау, бағып-қағу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сол себептен болар, біздің үйдегілер қарапайым иттерді асырайтын. Тіпті, ауылдың өзінде де мал бағатындар, аңшылар болмаса, иттің бұл түрін жиі кездестіре қоймайтынбыз. Кішкентай кезімде «құмай тазы қалай, қайдан пайда болды, оның арғы атасы қайдан келген?» деген сұрақтар мазалайтын. Кейін әлеужеліні ақтарып отырып, мынандай ақпараттарды көзім шалды. 

Тазы қазақ даласына сақ заманында келген деп шамалауға болады дейді мамандар. Шамамен 2000–2500 жылдар бұрын болса керек. Кейбір тасқа қашалған петроглифтерден тазыға ұқсас аңшы иттерінің бейнесіне қарап, бұдан да ертерек замандарда пайда болған ба деп болжам жасауға да болады. Дегенмен, тықыр тазылар осыдан бес-алты мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген. Әйгілі Тутанхамон қабірінің ішіндегі ажал құдайы Анубис – қара түсті тазы бейнесінде бейнеленген.

Осы ретте Е.Жұмабайұлы есімді журналистің жариялаған мына бір мақаласына зер салсақ. «Қазақ тазысы мен ауған тазысы Орталық Азияға парсы тазысымен бір дәуірде келіп, оны сақтар мен ауғандар жергілікті табиғи жағдайдың ерекшеліктеріне сай жетілдіріп, қолдан сұрыптап өткізгенге ұқсайды. Дегенмен, соңғы кездегі зерттеулер Орта Азияда таралған тазыларды арабтың слюгги (слугги) аңшы иттерімен будандасудан пайда болған жергілікті тұқым деп есептейді. Тазының отаны Қазақстан және Түркіменстан (әредік Өзбекстан жерінде де өсіріледі) деп есептеледі. Түркімен тазысы қазақ тазысына қарағанда бітімі ұсақтау келеді. Тазы итті Орта Азияның көз жетпес кең даласының тұрғындары арабы иттерді жергілікті тұқыммен будандастыра отырып, сұрыптау нәтижесінде шыққан ат үстінде аң аулайтын бекзадалар мен дегдарлардың ермегіне және малшы-бақташылардың күн көрісі үшін қызмет еткен тұқым деп есептейді», – дейді.

«Түсініксіз» иттер көп

Қазіргі уақытта жастардың арасында ат жүгіртіп, соңына ит ертетіндер некен-саяқ. Әр ауылда аңшылыққа әуес жігіттер болғанымен, түпкілікті айналысатын, оған жан-тәнімен берілген азаматтарды табу қиын десек, артық айтпағанымыз болар. Серілердің сарқытындай болған, өн бойынан қазақылықтың иісі есіп тұратын  қазақ жігіттерін кездестірмейтін болдық. Алайда, оларды жоқ деп айтқанымыз да жарай қоймас. Солардың бірі де бірегейі - Құрманғазы Әлиманов есімді аңшы жігіт. Оның айтуынша, итті күтіп, баптау жолдары өте қарапайым. Оған ең бастысы, жануарға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық қажет дейді. «Ит күтімі – қарнын тоқ қылып, уақытылы атқа мініп, оны соңыңнан ертіп отыру. Нағыз ит күтімі – осы. Ит өз формасын жоғалтпауы керек. Біз ит күтімі былай болуы керек деп, әлденені тыңнан ойлап тауып жатқан жоқпыз. Бізге бұрынғылардан жеткенді жасаудамыз. Баяғыдан келе жатқан итті баптау, иттің қоясын түсіру, итті ауыздандыру деген дүниелер бар. «Иттің қоясын түсіру» әртүрлі жағдайда жүреді. Қоясы түспеген ит жүгірмейді, көңіл-күйі болмайды. Қоя – жеген тамағы, жүн-жұрқадан асқазанында түйіншіктің түйіліп қалуы. Оны түсіру үшін сары майға немесе тоң майға жылқының қылын орап жұтқызады. Содан ит құсып, қоясын тастайды. «Иттің артына сары май жақпас» деген сөз содан қалған болуы керек. Ал кейде иттер көк шөп жеп, қоясын өзі түсіріп жатады. Бірақ ол саған керек кезде болмауы мүмкін. Сондықтан өз қажетіңе ыңғайлап отырасың», – дейді шабандоз аңшымыз. Ол сондай-ақ, жақсы иттерді серік қылып алуды ойластыру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта иттердің тұқымдары да майдаланып, тіпті жаман ауруларға шалдыққандары болуы мүмкін. Сол үшін де өзіңіз танитын жандардан күшік асырап алуыңыз қажет дейді. Құрманғазының сөзінше, кей адамдар қасқыр алатын ит жасаймыз деп, оны будандастыруды қолға ала бастаған. Осы арқылы шоу жасап, иттің құнын да қымбаттатып алуды ойлап жүргендері де жетерлік дейді.

Тазы – тазы болуы керек, дөрегейі – дөрегей, төбет – төбет болып қалуы керек деген тұжырымға біз де қосыламыз. Қазіргі уақытта тазының да түр-түрі бар. Жарғақ құлақ тазы, шашақ құлақ тазы дегендей. Кей пысықайлар бүгінде шашақ құлақ пен жарғақ құлақты араластыратын көрінеді. Нәтижесінде «түсініксіз» иттер пайда бола бастаған. Одан да сорақысы – төбетті тазыға салу. Әйтеуір бірдеңені бірдеңеге салмаса, жүре алмайтындар көбейіп, тазының түр-сипатын өзертіп жатқандары баршылық. Бұрындары біз көріп өскен тазылар салпаң құлақ, шашақ құлақты, құйрығы дөңгелене оюланып, қайрылып тұратын еді. Құйрығында селдір шашақтары, кейбірінің аяқтарында балақ жүндері болатын. Кейіннен неше түрлі иттер пайда бола бастағаны көңілімізді көншітпей жүргені жасырын емес.

Наным-сенім не дейді?

Қазақ үшін жүйрік ат, қыран бүркіт және құмай тазының жөні бір бөлек. Бұл тұрғыда халық арасында түрлі наным-сенімдер де пайда бола бастаған.

Адамның басына қонған құт пен шаңыраққа келген ырыс көбіне ит болып келеді: сол үйге құтпан ит немесе алғыр тазы бітеді де ол адамның барлық тілеуін жүзеге асырып, мұратына жеткізеді дейді қазақ сенімінде. Жаңа үйленген жастарға үбірлі-шүбірлі, дені сау, берік болсын (итше күшіктесін) деген ырыммен жас келіннің көйлегінің етегінен итке жем бергізеді. Аяғы ауыр әйел жерігі қанғанша итке «кет» деп айтуға тыйым салынған.

Құмай тазының жөні бір бөлек

Тазы иттің алғаш өз бетімен аң алуын «тырнақалды» құрметіне балап, ауылдастары жиналып, қайырлы болсын айтып, қуанышқа кішігірім той жасайтын болған. Аңшы олжасының етінен аяғы ауыр әйелдер ауыз тисе, мылтық пен қақпаны қырсығып қалады. Өйткені, жүкті ананың арғы әлеммен байланысы бар, құрсақтағы ұрпақ бергі әлемге әлі үлгеріп келмеген. Мұндай сәтсіздікке душар болған аяғы ауыр әйел аңның етіне аңсары ауып, жерік болып тұрса, аңшы құралына «акрпык» деп аталатын ақ түсті матадан байлап, аңшыға кәдесін беріп барып еттен ауыз тиген.

Тазымен болсын, бүркітпен болсын саятқа шыққан кезде бөгде кісімен кездесе қалған аңшылар тобының адамы «Байлансын-ақ» дейді екен. Егер де «Байлансын-ақ» деп ол бұрын айтса, олар «Майлы шұжық айлансын-ақ» деп тілектестік білдіреді. Саятта келе жатқанда, алдынан шыққан көлденең адамның тіл-көзі тазы мен құсқа тимесін деген ниеттен туған. Сондықтан да аңшы басқа сөзбен емес, «Байлансын-ақ» деп айқай салып амандасып, қаскөй рухтарды осы құдіретті сөзбен матап, аңды да буып, шырмап тастауды ойласа керек.

Тазы мәселесін алғашқылардың бірі болып зерттеген А.Слудскийдің дерегі бойынша, қазақтар Қараталда тазыны қалыңдыққа берілетін құнға, яғни 47 байталға сатып алатын болған. Жақсы тазының құны аттың құнынан да кем түспеген. Таза қанды тазылар Бөкей Ордасында да өсірілген және құны өте қымбат, сол кездегі ақшамен 50 сомға тең келген. Кейінде ел кедейленген кезде аң алатын иттің қарапайым күшігін бір құлынды биеге сатып алған жайлар кездескен.

Қазіргі уақытта тазылардың құны да, өзіндік орны да артып келеді. Алайда, күнделікті күйбең тіршілікте аңшылық, саятшылық кәсіппен айналыспай жүргеніміз көңілімізді көншітеді. Бұлай бола берсе, құмай тазымыздың сұлбасын архивтерден, музейлерден ғана көріп қаламыз ба деген уайымның бар екендігі де жасырын емес.