ТАТУЛЫҚТЫҢ «ТОТЕМI»

жақсылыққа – жақ, жамандыққа – кержақ

Айнабай МӘДИ

Мың жасаған шаһардың атын әйгiлеп қана қоймай, шамшырағын жағып тұрған жасауы мол аудан – Алмалы Наурыз мерекесi күнi мейiрiмдi мейманына көне шаһардың лүпiлдеп соққан жүрегiндей әсер қалдырады. Төрiмiзге шыққан Ұлыстың ұлы күнi ретiнде ынтымақ пен ырыстың нұрын шашып тұрды.  Жаңа күн жамандықты топыраққа сiңiрiп, жақсылыққа кең қолтығын ашып тұрды. Наурыздың 21-iнде №62 гимназия аумағында, сосын «Глобус» ойын-сауық орталығында, Т. Жароков, Жамбыл және Шевченко көшелерiн тоқайластырып тұрған Махатма Ганди саябағында жалғасқан Ұлыс тойы ұлттық мереке ретiнде төңiректi ажарландырып, бозбала мен бойжеткен әсем әндi әуелеттi, гүл майысқан бүлдiршiн би биледi. Жас өреннiң өнерi озып тұрды, «Хан талапай» ойналып, жас емес, жасамыстың да делебесi қозып тұрды. Бұл күнгi мейрам  №95 мектепте жалғасты.

22-наурызда Арбат алаңында Алмалы ауданының әкiмi Марат Пiрiнбеков аудан жұртшылығын Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтады. Той-думан Құрманғазы саябағында салтанат құрды. Мерекелiк бағдарлама аясында шығармашылық ұжымдар ұтқыр ұйымдастырушылық танытты. Мектеп пен мектепке дейiнгi мекемедегi балалардың белсендiлiгi көгаршындей өрендер келiстi өнер көрсеттi. Жиылған жұрт бойға қуат, жүрекке нәр берер Наурыз көжеден дәм татты.

– Бағзы заманнан-ақ Күн мен Түннiң теңелуiн дәлелдеп, Тiршiлiктiң  тамыр жайғанын айғақтап берген әлемдiк астрономияның атасы – Наурыз татулықтың «тотемi» болған. Бәзбiреулер Наурызды «мұсылман мерекесi» деп шатасып жүр… Ертеректе ұзынсарыда ұнға шыланған сүр етке жетi түрлi тағам қосылып, дәмi тiл үйiрер Наурыз көже дайындайтын. Сол бiр шақта iшкен көженiң дәмi әлi таңдайымнан кетер емес, – дейдi сөзге сараң болса да дәстүрге жетiк алмалылық Қадiр ақсақал. Қадекең мерекеге немерелерiн де ерте келiптi.

Ол рас, биыл Наурыз мерекесi ЮНЕСКО көлемiнде, халықаралық мереке ретiнде тойланатын болып бекiтiлдi. «Ақ түйенiң қарны жарылғаны» деген –  осы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *