Ташкент кинофестивалінде Қазақстан киносының күндері «Паралимпиадашы» фильмімен ашылмақ

Ташкент кинофестивалінде Қазақстан киносының күндері «Паралимпиадашы» фильмімен ашылмақ
Сурет: Russian.rt.com

«Жібек жолының інжу-маржаны» XIV Ташкент халықаралық кинофестивалі аясында өтетін Қазақстан киносы күндері 2022 жылғы жаңа «Паралимпиадашы» көркем фильмімен ашылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Кинофестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, кинокартина 13 қыркүйек күні Ташкенттегі Мукими атындағы музыкалық драма және комедия театрында көрерменге жол тартады.

Режиссер Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашы» фильмінің сюжеті Олимпиада ойындарының алтынын армандап, жол апатына түсіп, аяғынан айрылған шаңғышы Мақсат туралы баяндайды. Ұзақ уақыт күйзеліске түскен Мақсат спортқа қайта оралуды шешеді.

Бұған дейін Ташкенттегі Халықаралық кинофестивальдің құрметті қонақтары Такеши Китано, Арманд Ассанте, Бурак Озчевит, Сергей Безруков, Джонни Депп (онлайн), Тимур Бекмамбетов және басқа да көптеген әлемдік кинолардың майталмандары болатыны хабарланған.

Ташкент кинофестивалі, сонымен қатар Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің халықаралық кинофестивалі ретінде белгілі, дәстүрлі түрде Өзбекстан астанасында 1968 жылдан 1997 жылға дейін өтті. «Жібек жолының інжу-маржаны» кинофестивалі 2021 жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің бастамасымен қайта жанданып, жыл сайын өткізіліп келеді.