Tartyl Fest фестиваліне қызыққандар көп

Tartyl Fest фестиваліне қызыққандар көп

Алматыда «Tartyl Fest» турниктен тартылу республикалық фестивалі өтіп жатыр. Спорттық іс-шараға алматылық тұрғындар үлкен ынтамен қатысып, алған әсерін бөлісуде.

Алматы қаласының тұрғыны, «Tartyl Fest»-ке қатысушы Мажытбай Мейіржан былай деді:

«Өзім бұрыннан Workout спортына қызығам. «Дара» қорының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараны әлеуметтік желілерден көріп, бірден қатысқым келді. Бүгін өз күшімді сынап, жүлделі орындардың бірінен көрінемін деген ойдамын. Төрешілердің бақылауымен 40 рет тартылдым.

Ұйымдастыру деңгейі өте жақсы, мұндай шараның өтуіне себепкер болған барлық адамдарға алғыс айтқым келеді. «Tartyl Fest» сынды бұқаралық спортты дамытатын ірі спорттық мерекелер жастар үшін керек. Workout-ты ел ішінде дамытатын мұндай шаралар көп болатын болса, азаматтарымыз әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін».

Алматы қаласының тұрғыны, «Tartyl Fest»-ке қатысушы Әділкерей Қасымұлы да өз әсері туралы ойын ортаға салды:

«Фестиваль туралы достарымнан естіп, бүгін қатысуға келдім. «Tartyl Fest»-ке қатысуға ішкі мотивация мен дамуға деген талпыныс себеп болды. Шараның қалай үлкен ауқымда ұйымдастырылғаны және барлық сайыстың ережелерге сай өтіп жатқаны ұнады. Турникке тартылған кезде барлық қатысушыны төрешілер бақылап, нәтижені жазып алып отыр.

Әскерде 47 рет тартылатынмын. Бірақ біраз уақыттан бері спортпен айналыспай кеткендіктен бүгін 27 рет тартылдым. Бұл да мен үшін жақсы нәтиже. Дегенмен бүгін іс-шара қайтадан спортпен айналысуға үлкен серпіліс бермек. Алдағы уақытта өз рекордымды жаңартамын!»