Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлының ескерткіші ашылды

Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлының ескерткіші ашылды
Сурет: Inbusiness.kz

Былтыр осы әскери бөлімге даңқты қолбасшының есімі берілген.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Бауыржан Момышұлы - саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған өз елінің нағыз патриоты. Ол - ұстанымына адал, өз ісінің шебері болған кісі. Аты аңызға айналған ұлы тұлғаның адамгершілік қасиеттері және еңбектері туралы көп айтуға болады. Жас ұрпақ Момышұлының ерлік жолын мәңгі есінде сақтап, оның өнегелі өміріне қарап бой түзері анық», – деді Қорғаныс министрі.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Қорғаныс министрі мен облыс әкімі әскери бөлімнің мұражайымен танысты. Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, бригаданың жеке құрамына аты аңызға айналған қолбасшының есімін лайықты алып жүруіне тілек білдірді.

Министр қолтаңбалар кітабына: "...Оның мұрасы әр әскери қызметшінің үстелінде жатуы тиіс", – деп жазды.

2021 жылы аталған әскери бөлімге даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілген болатын.