Танымал журналист Батыр Қазыбаев дүниеден озды

Танымал журналист Батыр Қазыбаев дүниеден озды
Cурет: Facebook/Батыр Казыбаев

Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев 53 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қаралы хабарды марқұмның өзі негізін қалаған Tengrinews.kz порталы жариялады.

Батыр Қазыбаев белгілі қазақстандық журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың баласы, ол көп жылдар бойы облыстық және республикалық газеттердің редакциясында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған. Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистикадағы мансабын таңдады, табысты медиаменеджер болды.

Батыр Қазыбаев соңғы 10 жылдан астам уақыт бойында құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары, Жұлдыз FM, Ретро FM Казахстан радиостансалары, СТВ, "Жетінші арна" телеарналары, кейіннен сайт ретінде қалған "Алаш айнасы" республикалық газеті кіретін медиахолдингті басқарып келді.

«Алматы ақшамы» газеті мен Almaty-akshamy.kz сайтының редакциясы марқұмның отбасы мен туыстарына  қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.