ТАҢДАУ ЖАСАУҒА ЖОЛ АШЫҚ

ТАҢДАУ ЖАСАУҒА ЖОЛ АШЫҚ
Сурет: Ашық дереккөз

Бөлінген қаржы қалай жұмсалады?

 Бұл туралы ОСК хатшысы Сабина Мұстафина  Орталық референдум комиссиясы аясында өткен брифингте  айтты. 

«Референдумға Үкіметтің резервтік қаражатынан 16 млрд  460 млн теңге бөлінді. Оның 21 пайызы учаскелік комиссиялардың материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуге, Орталық референдум комиссиясының, референдумның учаскелiк және аумақтық комиссияларының жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, баспа өнімдерін шығару, ақпараттық қамтамасыз ету бойынша жұмыс, сондай-ақ республика бойынша ақпараттық билбордтарды дайындау және орналастыруға жұмсалады», – деді Мұстафина.

Сметада қаражаттың 79 пайызы учаскелік және аумақтық комиссиялардың 71 мыңға жуық мүшесін еңбекақымен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. «Төлем нақты жұмыс істеген уақытына қарай төленеді. Комиссия мүшелерінің барлығы бірдей жұмыс істемейді. Комиссия мүшелерінің көпшілігі іс жүзінде негізгі кәсіби қызметінен ауытқымайды және комиссияларда кесте бойынша жұмыс істейді», – деді ол.

 Дауыс қалай беріледі?
 
Бұл туралы ОСК басшысының орынбасары Константин Петров түсіндірді.
«Бюллетеньдер жасырын дауыс беру кабинасында толтырылуы тиіс. Оны әркім өзі толтырады. Толтыру кезінде сайлаушыдан басқа біреудің болуына тыйым салынады. Егер жеке азаматтар денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен оны өз бетінше толтыра алмаса, олар референдумды ұйымдастырушылар мен бақылаушылардың қызметін емес, басқа азаматтың қызметін пайдалануға құқылы», – деді К.Петров. 

Оның айтуынша, азамат өзі дауыс беретін жауаптың оң жағындағы бос жәшікке кез келген белгіні қоя алады. 
«Бір сұрақ, екі жауап. Оны таңдап, бір белгі қою керек, – белгілеуге болады, + қоюға болады, дөңгелетуге болады, «галочка» қоюға болады. Бірақ таңдау анық болуы керек. Қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оларға қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Толтырылған бюллетень сайлау жәшігіне тасталады», – деді. 
 
Қатысуды қалай тексеруге болады?
 
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов тарқатты.
Ол референдум учаскесінің шекараларында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген азамат өзін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімінен таппаған жағдайда, өзінің дербес деректерін пайдалану туралы келісімін көрсете отырып, тізімге енгізу туралы жазбаша өтінішпен учаскелік комиссияға жүгінуге құқылы екенін айтты.

Онлайн-сервис парағында өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша референдумның тиісті учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік комиссия оны республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды.